Күләш Ахметова: «Менің сәулелі сәттерім» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 14 қаңтар, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

 Күләш Ахметова: «Менің сәулелі сәттерім» - баспасөзге шолу

***

Күні кеше Қазақстан Республикасы парламенті Мәжілісіндегі үш партияның фракциялары ортақ бір шешімге келе отырып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу туралы үндеу жолдағаны белгілі. Бұл туралы толық ақпарат бере келе, «Егемен Қазақстан» газеті «дағдарыстан дағдарудың қажеті жоқ» деп жазады.«Мәжіліс тарайды екен деген әңгіменің шыққанына да біраз болған-ды. Осы әңгіменің шындыққа айналатын кезі де алыс емес сияқты. Өйткені, кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен жаңа жылдағы алғашқы өткен палатаның кезекті жалпы отырысының күн тәртібіне бірінші қаралу үшін осы мәселе енгізілді. Бұл Мәжіліс сайлауын жергілікті мәслихаттар сайлауымен қоса өткізу үшін қолайлы ұсыныс саналады», деп жазады басылым.Бесінші сайланған Пар­ла­ментті тарату және жаңа сайлау­ды тағайындау туралы Қазақ­стан Президентінің атына жол­дан­ған Үндеуді күн тәртібіне енгі­зуді ұсынған Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров болды. Оның ұсынысын әріптестері бірауыздан қолдады. Депутат өз сөзінде үндеудің астарында жатқан төрт негізгі себепті атап өтті. Ол нендей себеп және Мәжілістің шешіміне қатысты сарапшылар мен бұқара халық қандай пікір білдіріп жатыр, бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында шыққан «Орынды ой, ұтымды ұсыныс» атты мақаладан оқи аласыздар.

Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Астана қаласы Білім беру басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиеваның пікірі жарияланып отыр. Басқарма басшысы өз пікірінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласына қатысты өз ойын білдірген. «Елбасы өміріміздің барлық салаларын саралап, онда жүзеге асырылатын жаңа бастамалар мен алға қойған мақсаттар жайлы баяндайды. Президент атап көрсеткендей, 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Демек, осы кезең аясында түрлі сындарлы да маңызды шаралар жүзеге аспақ. 2016 жылғы қаңтардан бастап, Астана қаласының 24 мектебінде техникалық мамандықтарды оқыту басталды. Қанатқақты жоба екі жылдық кәсіби дайындыққа негізделген және мектептердің 10 және 11 сынып оқушыларына арналған. Оның мақсаты - өз еркімен мамандық таңдауы үшін оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беру. Осы бастаманың арқасында мектеп түлектері орта білім туралы аттестатпен бірге өздері таңдаған мамандықтары бо­йын­ша базалық түсінік пен қабілеттілікті де иеленеді. Ас­тана қаласының оқушыларына ұсынылған мамандықтар тізі­мін қалыптастыру кезінде білім басқармасы елордамызда сұранысқа аса ие мамандықтар мен Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ор­тақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында атап өтіл­ген әлеуметтік жаңғырту қағи­даларына арқа сүйейді.Осының арқасында, Астана қаласының оқушылары тегін және өз таңдауы бойынша шаштараз-шебер, электронды-есептеу машиналары операторы, тігінші, хатшы-референт, бала күтуші, бармен, даяшы сынды мамандықтар бойынша курстар бітіргені туралы куәлік алады»,-делінген мақалада. Бұл туралы толығырақ «Білім беру ісіндегі маңызды міндеттер» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

Ал, «Айқын» республикалық басылымының хабарлауынша, Күләш Ахметованың «Менің сәулелі сәттерім» атты кі­табы жарық көрген. Қазақстан Респуб­ли­касы мемлекеттік сыйлығының иегері Күләш апамыздың бұл кітабына әдебиет майталмандарының ақын шығарма­шы­лығы туралы әр жылдары жазған пікірлері және ақынның сұхбаттары мен мақа­лалары жинақталған. Әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұлов: «Күләштың поэзиялық отауында төл жиһаз, еңбектің тырнақалды табысы бар. Оның ақындық бағдарын танытатын да осындай дүниеліктер. Төңіректі өз көзі­мен көре білу, пешенеге біткен дауыспен шырқау, оң жамбасқа келетін тақырып табу - творчествоның нанымдылығына, ұтымдылығына әкеліп соғатынына
Кү­ләш­тің шығармашылығы толық дәлел» деп баға берген екен. Бұл туралы толығырақ «Айқын» газетінде бүгін жарық көрген «Менің сәулелі сәттерім» атты мақаладан оқи аласыздар.

Сонымен қатар, «Айқын» газеті 23 ақпанда Астанада бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты басталатынын хабарлап отыр.

Осы жарыс барысында 10 салмақ дәрежелері бойынша жүлделер жиынтығы сарапқа салынады. Сонымен қатар, 51 келі, 60 келі және 75 келі салмақтарда жеңіс тұғырына көтерілген былғары қолғап шеберлері жазда Бразилияның Рио де Жанейро қаласында алауы тұтанатын Олимпиада ойындарында бақ сынау мүмкіндігіне ие болады.Бұл туралы толығырақ «Арулар Астанада айқасады» деген мақаладан оқи аласыздар.

***

«Казахстанская правда» газеті Риддер қаласында ерлік көрсеткен Иван Балакин мен Константин Соловьев атты екі азамат туралы жазады. Олар өртеніп жатқан үйден екі баланы құтқарған екен. «Таңертең ерте жұмысқа бара жатқан бұл екі азамат үйлердің бірінен шығып жатқан қою түтінді байқап қалады. Олар қаладағы №32 үйдің жанына барғанда үйдің шатыры мен алдыңғы есігі өртеніп жатқанын көреді. Жылаған қыз баланың дауысын естіген олар дереу үйдегі адамдарды құтқаруға кіріседі. Осылайша, олар қалың түтін арасынан бес жастағы Захара және үш жасар Софья есімді қыз балаларды құтқарып алады»,-деп жазалы басылым. Бұл туралы газеттің бүгінгі санында жарық көрген «Вынесли малышей из огня» атты мақаладан оқи аласыздар.