Күлкі арқылы ауру-сырқауды жеңуге болады — эмоциялық интеллект тренері

альбина шамсутдинова
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Ауруға шалдыққан адам қашанда ем іздеп, шыр-пыр болады. Дәрі-дәрмек пен дәрумендер ішіп, спортпен айналысып, физикалық жаттығу жасайды, кейде дәстүрлі емес медицина түрлерін таңдап жатады. Бұдан бөлек, күлкі арқылы да денсаулығын жақсартып жүргендер бар. Еш себепсіз жүзіне күлкі үйіріліп, үнемі көңіл-күйін көтеріңкі ұстаудың қандай пайдасы барын бізге сұхбат берген эмоциялық интеллект бойынша тренер Альбина Шамсутдинова айтып берді.

— «Күлкі йогасы» дегеніміз не?

— Бұл — адам организмін емдеудің бір тәсілі. Оның негізін 1995 жылы үндістандық дәрігер Мадан Катария қалаған. Өз еңбектерінде ол күлкінің адам жанын тазалап, ауру-сырқаудан емдейтін құрал екенін жазады. Біз бала күніміздегі шат күлкімізді ұмыттық. Ересек адам бір тәулікте 14-18 рет күледі. Ал 12-14 жасқа дейінгі баланың жүзіне күн сайын 300-400 мәрте күлкі үйіріледі. Алапат айырмашылық! Сондықтан да балақайлар көбіне ауру-сырқаудан ада болып, мәз-мейрам жүреді. Соны түсінген Мадан Катария күлкі мен йоганы қосып, жаңа әдіс ойлап тапты. Яғни, тыныс алу практикасы мен күле білуден тандем жасалды.

— Сонда қандай да бір дерт дендеп немесе көңіл-күйі құлазып жүрген адам осы әдісті қолданса нәтиже бола ма?

— Әлбетте. Бұл — басқа ем-доммен қатар қолдануға болатын әдіс. Біріншіден, адам осы сәтте бақытты бола білуді үйренуі тиіс. Болашақта немесе өткен шақта емес, дәл қазіргі уақытта. Оған сыртқы жағдайлар әсер етпеуі керек. Екіншіден, күлкі йогасы бұрындары болған мәселелер мен теріс тәжірибелердің маңыздылығын жоғалтуға көмектеседі. Жалпы адамға түрлі аурулар, қорқыныш пен үрей қайдан келеді? Өткен шақта өмір сүруден келеді. 

тренер
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Күлкі арқылы емдеу процесі қалай жүреді?

— Адамдар топқа жиналады. Бір топта 6, 8, 12, 100, тіпті 400 адамға дейін болады. Осы топтарды клубтар деп атаймыз. Бүгінде әлем бойынша 107 клуб бар. Олардың барлығы ресми түрде Мадан Катариядан сертификат алған. Сол жерде түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, жаттығулар жасаймыз. Күлкі терапиясының жаттығулары кезінде 80-нен астам бұлшық ет қозғалады. Бет теріміз, ішіміз, иықтарымыз, қол-аяғымыз қозғалыста болады. Тұрып, отырып, жатып та жасалады. Мәселен, соның бірі — басымызбен алдыға қарай еңкейіп, содан соң екі аяққа тік тұрып күлу. Бұл физикалық блоктарды тазалап, ағзамыздағы жұмыс істемей тұрған бөлшектерді әрекетке келтіруге көмектеседі.

Күлкінің де түрлері болады. Атап айтқанда, бір нәрсеге күлу. Ол дегеніміз кино көріп, театрға барып немесе цирктегі клоунның өнерін тамашалап соған күлу. Келесі түрі — себепсіз күлу. Кез келген жерде, кез келген уақытта нақақтан нақақ күле білу. Бұл өте жақсы қабілет. 

— Еш себепсіз күле білуді қалай үйренуге болады?

— Күле білу оп-оңай. Бірақ расыменде көп адамның күле алмайтынын көріп жүрміз. Біз оларға көмектесіп, білгенімізді үйретеміз. Уақыт өте келе тәжірибе жинақталған сайын күлу оңайырақ бола түседі. Күн сайын таңертең 10 минут, кешке 10 минут күлуіміз керек. Арада біраз уақыт өткенде 15 минутқа ұзартамыз. Түсіндіре кетейін. Таңертең күлу арқылы өзімізге қуат жинасақ, кешке тәулік бойы жиналған негативті шығару үшін күлеміз. Содан кейін міндетті түрде жатар алдында йога жасап, душқа шайынып алған дұрыс.

Физикалық жаттығулардың пайдасы зор. Күніне 10 мың қадам жүріп немесе таңертең 6-да тұрып, 1 сағаттай серуендеген жөн. Сонда бойымыз сергек жүреді, күлу де жеңіл болады. Кешке жұмыстан автобуспен қайтатындар 2 аялдама ертерек түсіп, жаяу жүріп, өзіміз жайлы тек жақсы дүниелер айтамыз. «Мен жұмыста осы шаруаны аяқтадым», «Бүгін мынадай жетістіктерім бар» деген сияқты өзімізді мақтаймыз. Арасында күліп қоямыз. Бірақ қатты емес. Көшедегі адамдарды шошытып алмауымыз керек (күлді). 

Таңертең мен кешке ғана емес, басқа уақытта да күліп жүру керек. Кабинетте жұмыс істейтіндер сыртқа шығып, тыныштықта күліп алыңыздар. Сонда денсаулықтарыңыз да жақсы болады, өмірлеріңіз де жеңілдейді. 

тренер
Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Көшеде өзінен өзі күліп келе жатқан біртүрлі көрінбей ме?

— Егер ұялсаңыз былай істеңіз. Телефонды құлағыңызға төсеңіз де біреумен сөйлесіп келе жатқандай болып күле беріңіз. Немесе телефонды алып құлаққаппен видео көріп тұрғандай болыңыз да күліп-күліп жіберіңіз. Жалпы көшеде күлімдеп келе жатқан адамды көрген басқалардың да жымиятыны ақиқат. Сондықтан әрдайым күліп жүргеннің еш айыбы жоқ. 

— Әңгімеңізге көп рахмет!

Соңғы жаңалықтар
telegram