«Күллі қазақтың мұраты - ортақ, мұңы - еншілес»- республикалық басылымдарға шолу
***
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада ғылым және ғылыми саясат бойынша кеңес өткізді. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі саны «Ғылым ел дамуына қызмет етуі тиіс» деген тақырыппен аталмыш жиналыс туралы жазған. «Елбасы ғылымның өзекті мәселелері талқыланатын бұл жиналысқа бір жылдан артық дайындық болғанын, осы орайда кеңестер мен кездесулер өткенін айтып, отандық ғылымға кейінгі жылдары ерекше маңыз беріліп отырғанын назарға салды», - дейді басылым.
Сондай -ақ осы басылымдағы «Ұлт ұйытқысы - ұлттық рух» тақырыбымен берілген келесі мақалада байтағымыз бен байлығымызды көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан -ұрпаққа жеткізген, бірлік пен ынтымақты аманат еткен ата -бабаларымыздың өсиеттері әңгіме арқауы болады.
***
«Өзбекстан астанасы-Ташкенттің Қыбырай ауданындағы уақытша қамау орталығында заңсыз жабылып жатқан қазақтардың тағдырына алаңдаған халық қалаулысы Амангелді Момышев Сыртқы істер министіріне және Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісіне жүгініп, олардан отандастарымызға араша түсулерін өтінеді», -деп жазған «Айқын» басылымының бүгінгі саны «Өзбек қамауында үш жүздей Қазақстан азаматтары отыр!» деген тақырыппен қамаудағы отандастарымыздың тағдыры жайлы жазды.
Үш жасар баланы атқа сүйретіп өлтірген өгей әке 16 жылға сотталды. Кезінде естіген жұртты дір еткізіп, жағасын ұстатқан осы бір қылмысты оқиғаға қатысты сот ісі немен аяқталғанын «Айқын» газетіндегі «Отбасындағы ойран» деген мақаладан оқыңыздар.
***
«Тарихтың келмесіне кеткен әлемнің бірінші дана, көсем халқы - шумер халқының өлі тіліндегі сөздер бүгінгі өз ана тілімізде, басқа түрік халықтары тілдері арасында аса мол сақталған шумерлерді жер жүзі алдында: түпқиян тектес-қандасымыз деп мақтан тұтатын кез жетті!» «Ана тілі» апталығының бүгінгі санында осылай деп ой тастаған «Шумерлер -түркілермен тектес халық» тақырыбымен берілген мақала тарих қатпарынан қызықты әңгіме қозғайды.
***
«Күллі қазақтың мұраты - ортақ, мұңы - еншілес». Осы тақырыппен «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санында Моңғолия Ғылым Академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Ислам Қабышұлымен болған сұхбат берілген. Сұхбат қазақ халқының тағдыры жайлы ой қозғайды.
***
Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып таныған елдердің бірі бауырлас Түркия. Дипломатиялық байланыстар орнаған бірінші күннен бастап-ақ қазақ -түрік қатынастары жан-жақты дамығанына қарамастан, Түркияның Қазақстандағы елшісі Атилла Гүнайдың пікірінше, біздің елдеріміз әлі өзара ынтымақтастық жолының бастауында ғана тұр. Түрік елшісінің сұхбатын «Литер» газетінің бүгінгі нөмірінен оқуға болады.
Отандық телевидениеде ресейлік «Две звезды» бағдарламасының баламасы түріндегі «Екі жұлдыз» жобасы эфирге шығады. Ертең, қыркүйектің 6-сында еліміздің ең мықты әнші жұбы болудан үміткерлер бағын сынау үшін Алматының "Ретро Шлягер" клубына жиналады. Бұл жобаның теленұсқасы «Қазақстан» ұлттық арнасынан қыркүйектің 19 -ы мен желтоқсанның 26-сы аралығында көрерменге тартылады. Бұл турасында «Экспресс К»басылымыжазған.
Балқаш аудандық соты белгілі құқыққорғаушы Евгений Жовтисті кісі өліміне қатысты айыпты деп танып, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігі бойынша (автокөлік құралдарын басқарушы тұлғалардың абайсызда кісі өліміне соқтырған жол қозғалысы және автокөлік құралдарын пайдалану ережесін бұзуы) 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұл турасында «Время»газетінен егжей-тегжейлі оқуға болады.