«Құлсары-Атырау» тас жолын қалпына келтіру жұмысы басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Құлсары-Атырау» тас жолын қалпына келтіру жұмысы басталды. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев айтты.
«Кейінгі бірнеше күн Жылыой ауданы бойынша оң динамика байқалады. Су деңгейі 50 см-ге жуық төмендеді. «Құлсары-Атырау» тас жолын қалпына келтіру жұмысы басталды. Сонымен қатар су тасқынымен келген қоқысты тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су сору жұмыстары жалғасуда. Бұрын су басқан учаскелерде электр энергиясын беруді қалпына келтіру жүргізіліп жатыр. Су тартылған аудандарда аудан әкімдіктері азаматтардан келтірілген шығынға байланысты өтініш қабылдауда. Жылыой ауданында 230 полиция қызметкері қауіпсіздікті қамтамасыз етеді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Оның айтуынша, Жайық өзені бойында жағалауды нығайтуға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның ұзындығы 215 шақырымды құрайды.
«Гидрогеологиялық деректерге сәйкес, Жайық өзені суының көтерілуі Индербор ауылы тұсында +15 см, Махамбет ауылында +19 см, Атырау қаласында +18 см-ді құрайды. Өткен 6 күннің ішінде жоспарланған 215 шақырым жағалауды нығайту дамбасының 101 шақырымы төселді. Бұл жұмысқа 981 техника, түрлі ұйымдардың 3 382 жұмысшылары және шамамен 3,5 мың ерікті жұмылдырылды. Дәл осындай жұмыс Махамбет ауданында да жүргізіліп жатыр», - деді Руслан Жұмағазиев.
Бұған дейін 6 өңірде 4 мыңға жуық үй су астында қалғанын жазған едік.