Жылойға 203 тонна гуманитарлық көмек көрсетілді

АСТАНА. KAZINFORM – Жылой ауданына су тасқыны орын алғаннан бері 203 тонна гуманитарлық көмек көрсетілді. Бұл туралы Атырау облыстық төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Жантөре Демешов айтты.

Құлсары
Фото: Атырау облысы ТЖД

«Қазіргі таңда Жылой ауданының Құлсары қаласында 2 680 нысанды су басты. Сонымен қатар толық ақпарат су деңгейі түскеннен кейін анықталады. Яғни, арнаулы комиссия құрылып, солармен бірге нысандарды аралаймыз. Құлсары қаласында 231 техника, 1 198 жеке құрам және 18 жүзу құралы мен 19 су сору құралы жұмылдырылған. ТЖМ күштерінің арқасында дамбалар соғу, бөгеттерді көтеру, қаптарға топырақ толтырып төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның арқасында Құлсарыдағы 7-ықшамаудандағы 502 тұрғын үй мен 7 әкімшілік ғимарат, 6 білім беру нысаны, 1 жеке емхана, 25 кәсіпкерлік нысанын су басуға жол берілмеді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Құлсары қаласынан 33 641 адам көшірілді. Оның ішінде Маңғыстау облысына 20 821 адам, теңіз вахташылар қалашығына 7 445 адам, сонымен қатар Атырау қаласы мен басқа аудандарға 2 743 адам жеткізілген. Құлсары қаласында ашылған уақытқа орналастыру пункттерінде 274 адам орналастырылған.

«Жылой ауданына су тасқыны орын алғаннан бері 203 тонна гуманитарлық көмек көрсетілді. Жұмыс ары қарай жалғасады. Су деңгейі толық түсіп, қала бұрынғы тыныс-тіршлігіне орналғанға дейін апаттық құтқару жұмыстары жалғасады», - деді Жантөре Демешов.