Құлсары қаласынан бір күнде 975 тонна қоқыс қалдығы шығарылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Жем өзенінің тасқын суы басқан Құлсары қаласынан бір күнде 975 тонна қоқыс қалдығы шығарылды.

Қазір Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тасқын судың зардабын жою, қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Ал, «Жылыой Тазалық» ЖШС-нің директоры Бауыржан Абдрахмановтың айтуынша, қала көшелерінен тұрмыстық және өзге де қалдықтарды жиналып, арнайы орынға тасымалдау қолға алынған. Бұл мақсатқа арнайы техникалар бөлінген.
«Құлсары қаласында тасқын судан бүлінген үй аз емес. Өзге нысандар да бар. Соның бәрінен күн сайын шығарылып жатқан қоқыс көп. Тұрғындар тасқын судың салдарынан бүлінген тұрмыстық бұйымдарын, жиһаздарын қоқысқа тастап жатыр. Мұның бәрі арнайы көлікпен қоқыс полигонына тасымалдануда. Арнайы техникалар бір күнде 48 рейс жасап, 975 тонна қоқысты полигонға жеткізді», дейді Бауыржан Абдрахманов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсарыда тасқын су басқан 867 үйге техникалық тексеру жүргізілгенін жазған едік.
