Құлсарыда тасқын су басқан 867 үйге техникалық тексеру жүргізілді

Техникалық тексеру
Фото: Атырау облысының жедел штабы

АТЫРАУ. KAZINFORM – Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында тасқын су басқан 867 үйге техникалық тексеру жүргізілді.

Атырау облыстық жедел штабтың мәліметіне сүйенсек, тұрғындардан тасқын судан бүлінген мүлкін бағалау үшін 2 мың 733 өтініш түскен. 

«Қазір Құлсары қаласында тасқын су басқан нысандарға техникалық тексеру және бағалау үшін 40-тан астам арнайы маман тартылды. Олар бұл жұмыстарды демалыссыз жүргізуді қолға алды. Мәселен, 26 сәуірден 3 мамырға дейін 867 нысанға техникалық тексеру жүргізілді. Бұл жұмысты 15 мамырға дейін аяқтау көзделіп отыр», - деп хабарлады облыстық жедел штаб.

 

Техникалық тексеру
Фото: Атырау облысының жедел штабы

Сондай-ақ, тасқын су кезінде өлген төрт түліктің құнын төлеу үшін өтініш қабылдау жүріп жатыр. Бүгінге дейін тұрғындар 87 өтініш берген. 

Ал, дезинфекциялау жұмысына 8 бригада тартылған. Осы кезге дейін 26 әлеуметтік нысан, 45 көшеде орналасқан 1 мың 347 үйге дезинфекциялау жүргізілген. 

Техникалық тексеру
Фото: Атырау облысының жедел штабы

«Жылыой ауданындағы Құлсары қаласында қалпына келтіру жұмыстары басталғалы бері 3,5 млн текше метр су сорылды. Бұл жұмысты атқаруға 2700-ге жуық адам мен 125 су соратын техника жұмылдырылды. Бүгін, 3 мамырдағы мәліметке сәйкес 2 мың 704 нысан судан толығымен құрғатылды», -деп мәлім етті облыстық жедел штабтан. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары қаласында су тасқынының зардабын жою жұмыстары қалай жүріп жатқанын хабарлаған едік. 

Техникалық тексеру
Фото: Атырау облысының жедел штабы

 

Соңғы жаңалықтар