Құлсары қаласында су тасқынының зардабын жою жұмыстары қалай жүріп жатыр

су тасқыны
Фото: әлеуметтік желіден

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бұдан 25 күн бұрын Жем өзені арнасынан асып, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласын тасқын су басты. Табиғи сипаттағы апаттан 2920 үй, 200-ге жуық кәсіпкерлік, 15 әкімшілік, әлеуметтік нысан бүлінді. Тұрғындардың иелігіндегі 300-ден астам мал суға кетті. Ең өкініштісі, төрт адам қайтыс болды...

Құлсары қаласында не істеліп жатыр?

Құлсарыны тасқын су басқаннан кейін Премьер-Министр Олжас Бектенов, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов келіп, ахуалмен танысты.

Премьер Атырау
Фото: primeminister.kz

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуына қарағанда, қазір моноқалада тасқын судың зардабын жою үш бағытта жүріп жатыр. Бұл – тасқын суды сору, дезинфекция жүргізу, бүлінген инженерлік-коммуникациялық жүйелерді қалпына келтіру.

«Табиғи апат салдарынан Жылыой ауданына келтірілген шығын көлемін нақты айту өте қиын. Себебі, техникалық бағалаушы компаниялар шығынды әлі есептеп жатыр. Тасқыннан бүлінген үйлердің иелерінен құжаттар қабылданып жатыр. Тұрғын үйлердің кейбірінің құжаты бар. Иелері тұрғын үйдің кейбірін тіркетіп үлгермеген. Мұндай жағдайда өтінімді тұрғындардың жеке төлқұжатымен қабылдау ұйғарылды», - дейді Жұмабек Қаражанов.

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Құлсары қаласындағы су басқан аумақты тазартуды мамырға дейін аяқтау жоспарланған болатын. Осы кезге дейін 1821 үйде суды құрғату жұмысы жүргізілді. Бұл жұмысқа 200-ден астам адам, 69 техника тартылып, 2,8 млн текше метр су сорылған.

су тасқыны
Фото: әлеуметтік желіден

Су басқан тұрғын үйлерге техникалық бағалау жүргізу қолға алынған. Бағалаушы компанияның атқарушы директоры Алмат Байдаулетовтің айтуынша, су кірген үйді бағалау өте қиын болып тұр. Мұндай үйде тасқынның зардабын толық анықтау мүмкін емес. Осы кезге дейін 600-ден астам үйге техникалық зерделеу жүргізілді.

«Бізге жергілікті атқарушы органдар бағалау жүргізілетін үйлер мен нысандардың тізімін береді. Содан соң үй иесі, полиция қызметкері және бағалаушы компанияның өкілдері бірлесіп, үйге бағалау жұмыстарын жүргіземіз. Нысан суретке түсіріледі. Үй техникалық паспорт арқылы тексеріледі. Үйдің құжаты болмаған жағдайда, оның аумағы қайта сызылады. Техникалық бағалау жүргізген компания үйге жөндеу жүргізуге болатыны, не жаңадан салу қажеттігі туралы ұйғарым шығарады. Осыдан кейін үйді жөндеу, қалпына келтіру немесе қайтадан салуға байланысты қаржы көлемін шығарамыз», - деді Алмат Байдаулетов.

эвакуация
Фото: Атырау облысы ТЖД

Аудан әкімінің мәліметіне сүйенсек, тасқын су қаупіне байланысты эвакуацияланған Құлсары қаласы тұрғындарының 12 мыңнан астамы үйіне оралды. Олардың арасында тұрғын үйін су баспаған, бірақ, эвакуацияға байланысты қаладан кетіп қалған азаматтар да бар.

«Тұрғындардың кейбірі ағайын-туыстарының үйіне, эвакуациялық пункттерде, жалдамалы пәтерлерде уақытша қоныстанды. Мәселен, Маңғыстау облысындағы эвакуациялық пункттердегі құлсарылық тұрғындардың саны – 1800 адам. «Теңіз» қалашығындағы жатақханаларда 600-ге жуық тұрғын қалып отыр. Ал Құлсары қаласындағы эвакуациялық пунктте 170 адам тұрып жатыр», - дейді аудан әкімі.

су тасқыны
Фото: Атырау облысы ТЖД

Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің мәліметіне сүйенсек, 29 сәуірге дейін 3 878 өтініш түсіп, 3 600 отбасына біржолғы материалдық көмек берілген. Несиесі бар 2 395 адам тізімге алынып, банктерге жолданған.

су тасқыны
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айгүл Сабырқызының пікірінше, су көп тұрып қалған аумақта түрлі инфекцияның таралу, жұқпалы ауруды жұқтыру қаупі бар.

«Құлсары қаласында су басқан нысандарды дезинфекциялау жұмысы жүріп жатыр. Осыған байланысты тұрғындардан дезинфекциялау жүргізілмеген үйге кірмеуді, өздері тазалау жұмысын жүргізбеуді ескертеміз. Тұрғын үйді құрғату, дезинфекциялау үшін арнайы мамандарға жүгіну керек», - дейді Айгүл Сабырқызы.

Құлсарыға қандай көмек керек?

Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов Құлсарыны қалпына келтіру мәселесіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Оның пайымдауынша, Құлсары қаласындағы жағдайға Үкімет тарапынан назар аударылып, нақты қадам жасалуы қажет. Сол себептен, депутат Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.

«Жылыой ауданы – жалпы қоры 2,5 миллиард тонна болатын 40-тан астам мұнай кен орны бар еліміздегі ең ірі стратегиялық маңызы зор өңір. Ұлттық қор да, республикалық бюджет те Жылыойдан өндірілген мұнайдың табысынан құралатыны жасырын емес. Ел экономикасы үшін донор болып отырған Жылыой ауданының су тасқынынан айтарлықтай зардап шегіп, тұрғындарының босып жүруі – елдігімізге, Үкіметтің жұмысына зор сын», - дейді Әділ Жұбанов.

Әділ Жұбанов
Фото: Ә. Жұбановтың жеке мұрағатынан

Депутаттың айтуынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тасқын су басқан тұрғын үйлерді қалпына келтіруге байланысты алгоритмі тұрғындар үшін тиімсіз болып отыр. Министрлік жарамсыз деп танылған баспанаға байланысты екі жоба ұсынған. Біріншісі – 22 миллион теңгеге типтік жобамен жаңа үй салу. Екіншісі – мемлекеттік тұрғын үй қорынан жаңа баспана беру.

«Құлсары – мұнайшылар қаласы. Жергілікті тұрғындар «Теңіз» кен орнында жылдар бойы еңбек етіп, тапқан табысына салынған үйлердің құнын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекітіп отырған 22 миллион теңгемен салыстыруға келмейді. Құлсары қаласындағы бейіттерді, мал сою цехтерін, мұнай қалдықтары мен шламдарды, қоқыстарды шайған тасқын судың ортасында 2 810 баспана тұр. Бұл жердегі эпидемиологиялық ахуал күрделі, жұқпалы аурулардың таралу қаупі жоғары», - деп дабыл қақты Мәжіліс депутаты.

Әділ Жұбанов
Фото: Ә. Жұбановтың жеке мұрағатынан

Тасқын су басқан Құлсарыдағы ахуалмен танысқан, тұрғындардың талап-тілегін, өтінішін тыңдаған Мәжіліс депутаты Әділ Жұбановтың бірнеше ұсынысы бар.

«Біріншіден, тұрғын үйі жарамсыз тұрғындарға өтемақы аймақтағы тұрғын үйдің шаршы метрінің ағымдағы құнына сай берілуі қажет. Атырау облысында жаңа тұрғын үйдің нарықтағы бағасы 1 шаршы метр үшін 350 000 – 400 000 теңге. Өйткені өңірде құрылыс материалдары қымбат. Мәселен, Атырау облысында бетонның бір текше метрі 50 мың, Алматы қаласында 16 мың, Ақтөбеде 28 мың теңге тұрады. Алматыда 2700 теңге тұратын ПГС материалын Ақтөбеде 4 мың, Атырауда 8500 теңгеге аласың. Күйдірілген кірпіштің бағасы Алматы қаласында 36, Ақтөбеде 120, Атырауда 160 теңге тұрады. Атырауда басқа да құрылыс материалдары өзге өңірлермен салыстырғанда, орташа есеппен 50-70 пайызға қымбат.

Екіншіден, су тасқынынан зардап шеккен, бірақ тұруға жарамды, жөндеуге келетін үйлердің бір шаршы метріне 100 000 теңгеден өтемақы төленуі қажет. Үшіншіден, зардап шеккен отбасыларға берілетін біржолғы әлеуметтік өтемақыны 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде емес, отбасының әр мүшесіне 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағайындау керек.

Төртіншіден, қаза тапқандардың туыстарына 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәрдемақы белгіленуі керек. Су тасқынынан Құлсары қаласында 4 адам қайтыс болып, 4 отбасы асыраушысынан айырылып отыр.

Бесіншіден, су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласын қайта реконструкциялап, жаңа «ЭКО ҚҰЛСАРЫ» салу жобасын қарастыру қажет. Шын мәнінде, біз Атырау қаласын емес, Құлсарыны «мұнайлы астана» деуіміз керек. Мұндағы 70 мыңға жуық тұрғынның тыныс-тіршілігі тікелей мұнай өндірісімен байланысты. Бірақ Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының архитектуралық келбеті, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары төмен, мұнда апатты және тозығы жеткен тұрғын үй көп», - дейді Әділ Жұбанов.

 

Соңғы жаңалықтар