Құлсары қаласында 100-ден астам үй әлі де су ортасында тұр

су тасқыны
Фото: Атырау облысының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Құлсары қаласында 100-ден астам үй мен 10 кәсіпкерлік нысаны әлі де су ортасында тұр. 

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар тобы 2 815 үйден су бұрып, сору жұмыстарын жүргізген.

«Өңірдегі эвакуациялық пункттерінде 769 адам бар. Олардың 430-ы – балалар. Атырау облысының Құлсары қаласында екінші тәулік бойы Төтенше жағдайлар министрлігінің ақтөбелік әскери қызметшілері қоғамдық пайдалану орындарын дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуде. Ауру тудыратын микроорганизмдер мен олардың токсиндерінің таралуын болдырмау үшін 20982 әскери бөлімінің радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау ротасының жиынтық құтқару тобы жұмыс істеп жүр», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Атырау облысында су басу қаупіне байланысты 7 сәуірде табиғи сипаттағы төтенше жағдай енгізілген. Бұл әлі режим әлі де сақталып отыр. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсары қаласынан бір күнде 975 тонна қоқыс қалдығы шығарылғанын жазған болатынбыз. 

Сондай-ақ Серік Шәпкенов Құлсарыдағы су басқан үйлерді бағалауды екі аптада аяқтауды тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар