Құлсары тұрғындары алдағы 2-3 күнде өтемақы алу үшін әкімдікке жүгіне алады

өтемақы алу үшін әкімдікке жүіге алады
Фото: Атырау облысының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Құлсары қаласындағы тасқын судан зардап шеккен тұрғындар алдағы 2-3 күнде өтемақы алу үшін әкімдікке жүгіне алады. 

Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, бүгін арнайы құрылған мобильді топтар тұрғындарға тасқын судан бүлінген үйлерді бағалау нәтижесімен таныстыруды бастады.

«Құлсары қаласында 2 700-ге жуық үйге техникалық тексеру жүргізілді. Бүгін, 15 мамырда 100-ден астам үйге қатысты техникалық қорытынды шығарылды. Тасқын су басқан үйлерді күрделі жөндеуге қажет және авариялық жағдайдағы үйлерді бағалауға байланысты қаржы нарықтық құны негізінде есептеледі. Келтірілген залалды бағалаудың нәтижелері күн сайын шығарылып, тұрғындарға мобильді топтардың мүшелері таратады. Бағалау нәтижелеріне келісім берген тұрғындар алдағы 2-3 күн ішінде өтемақы алу жөнінде жергілікті әкімдікке жүгіне алады», - деді Жұмабек Қаражанов. 

Оның айтуына қарағанда, Жылыой ауданының әкімдігі өтемақы төлеу бойынша екі бағытта жұмыс істейді. 

«Біріншіден, тұрғын үйге жөндеу жүргізу қажет деп табылса, оған жұмсалатын қаржысы төленеді. Екіншіден, тұрғын үй авариялық жағдайда деп танылса, мемлекет есебінен жаңа үй салынады. Мұның тағы бір жолы – үй иелеріне Құлсары қаласынан немесе Атырау облысының аумағындағы кез келген елді мекеннен тұрғын үй сатып алып беру. Тұрғындарға бүлінген мүлкіне байланысты өтемақы беріледі», - деп мәлім етті Жұмабек Қаражанов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Тасқын су басқан Құлсарының тұрғындары аудандық әкімдік алдына жиналғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар