Құлсарыда 105 мыңнан астам текше метр топан су сорылды
АСТАНА. KAZINFORM – Атырауда Жайық өзенінің су деңгейін бақылау жұмысы жалғасып, бөгеттер нығайтылуда. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Асқар Шәріп мәлім етті.
«Атырау облысында Жайық өзені су деңгейіне мониторинг жалғасуда. Сонымен қатар өзен бойындағы бөгеттерді нығайту жұмыстары жүріп жатыр. Таңертеңнен бері Атырау қаласы мен Индер, Махамбет, Исатай, Құрманғазы аудандарында 18 мың қап төселіп, 70 тонна инертті материал салынды. Құлсары қаласында су басқан аумақтан жылжымалы сорғы станциясы мен мотопомпа көмегімен 105 мыңнан астам текше метр су сорылды», - деді Асқар Шәріп Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Атырауда дронның көмегімен Жайық суына мониторинг жүргізіліп жатқаны туралы хабарлаған едік.