Құлсарыда азық-түлікке таласқан әйелдердің ісі сотта қаралды

көмек көрсетті
Фото: БҚО мәслихаты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Құлсары қаласында азық-түлікке таласқан әйелдердің ісі сотта қаралды.

Жылыой аудандық сотының мәліметінше, жанжал мамыр айында Құлсары қаласындағы «Нақыш» ғимаратында болған. 

«Гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген азық-түлікке таласқан екі әйел Т. мен Д. өзара келісе алмай қалған. Сол кезде Д. жәбірленуші Т.-ны итеріп құлатқан. Соның нәтижесінде жәбірленуші жеңіл дене жарақатын алған. Бұл іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабының 1-бөлігімен (Денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) қаралды», - деп хабарлады аудандық сот. 

Құқық бұзушы Д.-ның кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындысымен, бейне-дыбыс жазбасымен, арызбен, түсініктемелермен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен және басқа да іс құжаттарымен толықтай дәлелденіп отыр. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші Т.-ның денсаулығына жеңіл дәрежелі зиян келгені анықталған.

«Д.-ның кінәсін жеңілдететін мән-жай ретінде оның бұрын әкімшілік жауаптылыққа тартылмағаны, 14 жасар баласының бары ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот Д.-ның жеке басын, құқық бұзушылықтың сипатын, жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 829-11-бабының 2-бөлігімен 38 мың 766 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды», - деп мәлім етті аудандық соттан.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұған дейін сот ғимаратында өзіне пышақ салған атыраулыққа қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum