Құлсарыда құрылысы бітпеген 14 үй мен 7 кәсіпкерлік нысан әлі су ортасында тұр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Құлсары қаласында тасқын судың зардабын жою жалғасып жатыр. Алайда, моноқалада құрылысы толық аяқталмаған 14 тұрғын үй мен 7 кәсіпкерлік нысан әлі су ортасында тұр.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің айтуынша, Құлсары қаласында тасқыннан кейінгі суды сору жұмысына Төтенше жағдайлар министрлігінен 159 маман, 27 арнайы техника тартылған. Бұл жұмысқа «Жылыой Тазалық» ЖШС-дан 18 вакуум бөлінген.
«Бүгінге дейін Құлсары қаласының тұрғын үйлері мен көшелерінен 5,2 млн текше метр су сорылды. Осы жұмыстың нәтижесінде 2906 тұрғын үй судан құрғатылды. Қазір аудан орталығында құрылысы әлі толық аяқталмаған 14 тұрғын үй мен 7 бизнес нысан әлі күнге дейін су ортасында қалып тұр», - деді Марат Мурзиев.
Құлсары қаласынан тұрмыстық өзге қоқысты шығаруды «Жылыой Тазалық» ЖШС қолға алған.
«Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласындағы тұрғын үйлер мен басқа да әлеуметтік нысандардың аумақтарын тұрмыстық қатты қалдықтардан тазарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Тасқыннан кейін 4 689 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Қаланы санитарлық тазарту жұмыстарына 30-ға жуық техника жұмылдырылды. Алдағы күндері тағы да 20-дан астам көлік бөлінеді», - деді серіктестік директоры Бауыржан Абдурахманов.
Оның айтуынша, қаладан шығарылған қоқыс арнайы полигонға жинақталады. Арнайы техникалар тәулігіне 50 рейс жасайды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарыдағы эвакуация пунктіне орналасқан тұрғындар саны көбейгенін жазған едік.