Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 20 тұрғын үй әлі берілмеген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін 100 тұрғын үй салынды. Алайда, 20 тұрғын үй әлі берілмей тұр.
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің айтуынша, Жылыой ауданының орталығында су тасқынынан зардап шеккендер үшін 100 тұрғын үй салынған.
«Жаңа тұрғын үйлер Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағын ауданында бой көтерді. Мұнда 80 үйдің құрылысын жүргіззуге «Қазақстан халқына» қорынан демеушілік қаржы бөлінді. Ал, 20 үйдің құрылысы жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға салынды», -дейді Руслан Жұмағазиев.
Оның дерегіне қарағанда, жаңа шағын аудандағы 100 тұрғын үйді салуға жергілікті 8 мердігер компания тартылған. Тұрғын үй құрылысына қазақстандық материалдар қолданылған.
«Жаңа тұрғын үйлердің дені тұрғындардың иелігіне берілді. Ал, 20 үйге қоныстанатын тұрғындардың құжатында қиындық туындады. Бұл әкімдікке қатысты мәселе емес. Тұрғындар бұл мәселені өздері реттеуі қажет. Құжатқа байланысты мәселе шешімін тапқан соң тұрғындар жаңа үйге біртіндеп қоныстанады», -деп мәлім етті Руслан Жұмағазиев.
«Қазақстан халқына» қорының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Құлсары қаласында 80 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуге 2 млрд 640 млн теңге бөлінген. Типтік үлгідегі жаңа үйлердің әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метр. Тұрғын үйлердің авторлық дизайнын «ETALON PROJECT GROUP» ЖШС дайындаған. Бұл серіктестік дизайнның сақталуына бақылау жүргізді. Ал техникалық қадағалауды «ZAF-Стройсервис» ЖШС жүзеге асырған.
Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың мәліметіе сүйенсек, Жаңа үйлерге су, газ, электр желісі тартылды. Әр үйдің құрылысын жүргізуге 10 сотық жер телімі бөлінген.
«Құлсарыдағы «Болашақ» шағын ауданында 2 мың орындық Binom мектебін, 300 орындық балабақша нысанын салу жоспарланып отыр. Мұнда шағын аллеялар салынады», -дейді Нұрберген Құсайынов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Тасқын су басқан Құлсарының тұрғындарына 62 үй берілгенін хабарлаған болатынбыз.