Құлсарыда жолға төселген асфальттың қалыңдығы жобаға сай емес

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Құлсары қаласында 12,1 шақырым жолды жаңартуға 2,4 млрд теңге бөлінген. Алайда, жолға төселген асфальттың қалыңдығы жобаға сәйкес емесі анықталған.

жол жөндеу
Фото: Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті
жол
Фото: Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол құрылысы саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударылып отыр. 

Қазір сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына енгізілген және салынып жатқан автомобиль жолына сыртқы талдау басталды.

Мәселен Құлсары қаласындағы қайта жаңартылып жатқан жолдың сапасына мониторинг жүргізілген.

Оған «Әділдік жолы» РҚБ Атырау облыстық филиалының, мердігерлік мекеменің, авторлық және техникалық қадағалау өкілдері, сондай-ақ, Ұлттық жол активтерінің сапа орталығы Атырау филиалының инженерлері қатысқан. 

жол
Фото: Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті

«Жылыой ауданында су тасқыны кезінде бүлінген жол қалпына келтіріліп жатыр. Аудан орталығы — Құлсары қаласының 18 көшесіндегі ұзындығы 12,1 шақырым жолды қайта жаңартуға 2,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Мәселен Думан шағынауданында, 181а, Балуан Шолақ және А.Бегебаев көшелеріндегі асфальтбетоннан керн алынып, қалыңдығы тексерілді. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес ұсақ түйіршікті асфальтбетонның қалыңдығы 4 см болуға тиіс. Алайда, асфальттың қалыңдығы 3,6 см екені анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

жол
Фото: Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті

Сондай-ақ, мониторинг кезінде Жылыой аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі Әжіғалиев көшесіне қатысты тиісті құжаттарды, атап айтқанда, ақау ведомосін және сараптамалық қорытындыны ұсынбағаны белгілі болған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарыда жөндеуіне 2,1 млрд теңге бөлінген әлеуметтік қызметтер орталығы бос тұрғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар