Құлсарыда жөндеуіне 2,1 млрд теңге бөлінген әлеуметтік қызметтер орталығы бос тұр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Құлсары қаласындағы № 2 әлеуметтік қызметтер орталығын жөндеуге бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Алайда, нысанның жобалық-сметалық құжаттамасына сәйкес еместігі анықталған.


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің қызметкерлері жемқорлыққа қарсы еріктілермен бірге әлеуметтік маңызы бар объектілердің құрылысына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.
«Жылыой ауданының орталығы — Құлсары қаласындағы № 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығын жөндеу жұмыстарына бюджеттен 2,1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Мониторинг кезінде объектінің жобалық сметалық құжаттамасына сәйкессіздігі анықталды. Мысалы, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес терезелер жаңасына ауыстырылуы керек еді. Алайда, поливинилхлоридтан жасалған терезе блоктары мүлдем ауыстырылмағаны анықталды. Терезе тақталарын өздігінен жабысатын ақ қағазбен жабу арқылы жаңа терезелерге ұқсатып қойған. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша тек бас ғимараттағы 200 терезені жаңасына ауыстыру үшін бюджеттен 53,1 млн теңге бөлініп, төленіп қойған», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, нысанның минералды талшықты плиталармен қапталған шатыры қазірдің өзінде қираған.
Душ кабиналарында су ағатын крандар жоқ. Есіксіз металл шкаф, кереуеттер жарамсыз күйге түскен.

«Аталған нысан 2023 жылдың 28 желтоқсанында пайдалануға берілді. Жауапты мемлекеттік органдар өкілдерінің айтуынша, арнайы орталықта емделуге мұқтаж психоневрологиялық сырқаты бар ересек пациенттер тізімінде 150-ге жуық адам тіркелген. Науқастар пайдалануға берілгеннен кейін жаңа орталыққа орналастырылады. Алайда, орталық 7 айдан бері бос тұр», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын жергілікті Антикор Атырау әкімдігінің аула абаттандыруға 800 млн теңгені ысырап еткенін хабарлаған еді.