Құлсарыдағы жанармай бекетіндегі жарылыс: кәсіпкердің жазасына өзгеріс енгізілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Құлсары қаласындағы «Ниет» жанармай бекетінде болған жарылысқа байланысты сотталған кәсіпкердің жазасына қатысты апелляциялық сот шешім шығарды. Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы негізгі жазаны өзгеріссіз қалдырып, қосымша жаза бөлігін нақтылады.
Сот алқасы тек прокурордың өтінішін қанағаттандырып, сотталған азаматқа өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге айыру жазасына өзгеріс енгізді. Нақтырақ айтқанда, кәсіпкер үкімге енген өзгеріске сәйкес 3 жыл бойы жарылыс қаупі бар объектілерде басшылық лауазым атқара алмайды.
Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Тәтті Уәлиеваның айтуынша, апелляциялық шағымдарда келтірілген барлық уәж мұқият зерттеліп, оларға тиісті баға берілген.
- Сот апелляциялық шағымдарда көрсетілген барлық уәжді мұқият зерттеп, оларға тиісті баға берді. Сот алқасы бұл тұжырымдармен келісті. Үкім қылмыстық құқық бұзушылық салдарының дұрыс көрсетілмеуіне байланысты нақтыланды. Атап айтқанда, оның әрекеті екі адамға қатысты жасалғаны нақты көрсетілмеген. Бұл – қылмыстық құқық бұзушылықтың саралау белгісі. Сонымен қатар, қосымша жаза бөлігі нақтыланды. Жалпы сот алқасы үкіммен келіседі, – деді Тәтті Уәлиева.
Бұған дейін аппеляциялық соттың отырысында айыпталушы мен оның қорғаушылары апелляциялық шағымында істің бірінші сатыдағы сотта негізінен айыптау тарапының ұстанымы негізінде қаралғанын алға тартты. Сондай-ақ олар жарылыс кезінде қаза болған жұмысшылардың да еңбек міндеттерін тиісінше орындамағанын айтып, жаза өтеу мерзімін азайтуды сұрады.
Ал жәбірленуші тарап бұл уәжді негізсіз деп санап, қаза болғандардың балаларына 1 млрд теңге моральдық өтемақы талап етті.
Еске салайық, былтыр Құлсарыдағы «Ниет» жанармай бекетінде болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тауып, бірнеше азамат жарақат алған еді.
Төтенше жағдай кезінде алты көлік өртеніп, бір қабатты үш және екі қабатты бір ғимарат бүлінген. Жарылыстың әсері шамамен 400 шаршы метр аумақты қамтыған.
Маусым айында сот кәсіпкерді жарылысқа кінәлі деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Сонымен қатар қаза болған ерлі-зайыптының төрт баласының әрқайсысына 10 млн теңгеден моральдық өтемақы төлеу міндеттелген. Үкімнің бұл бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.
Бұған дейін облыстық төтенше жағдайлар департаменті жанармай бекетінде жарылыстың себебін мәлімдеген еді.