Құлсарыда жанармай бекетіндегі жарылыстың себебі белгілі болды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Құлсарыдағы жанармай бекетінде болған жарылыстан кейін Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі 31 газ құю станциясына тексеріс жүргізді. Нәтижесінде үш нысанда қысыммен жұмыс істейтін ыдыстардың автокөлік жолдарына тым жақын орналасқаны анықталған.

жарылыс
Фото: видеодан алынған скрин

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Сырым Жаймағамбетовтің айтуынша, ереже бойынша мұндай ыдыстар қала ішіндегі жолдардан кемінде 20 метр, ал тұрғын үйлерден 60 метр қашықтықта орналасуы тиіс.

– Жердің бетінде тұрған ыдыстарды жобалау жұмыстарын жүргізіп, жер астына орналастыруға мүмкіндік бар. Осыған байланысты кәсіпкерлерге қосымша уақыт беріліп отыр. Жоба міндетті түрде ТЖД-мен келісілуі қажет. Егер қысыммен жұмыс істейтін ыдыс жер астында орналасса, тұрғын үйлерден арақашықтығы кемінде 35 метр болуы керек, – деді Сырым Жаймағамбетов.

ТЖД мәліметінше, Атырау облысында 42 субъект автогаз құю қызметімен айналысады. Қазір өңірде қысыммен жұмыс істейтін 237 ыдыс тіркелген. Оның бірнешеуі газды жинақтап, сақтауға арналған арнайы толтыру пункттерінде орналасқан.

Мамандардың айтуынша, пайдаланылғанына 30 жылдан асқан жанармай сақтау ыдыстары қауіпті санатқа енгізіліп, жыл сайын тексеріледі. Ал пайдалану мерзімі бұл межеге жетпеген нысандар үш жылда бір рет бақылаудан өтеді. Қазір өңірде қауіпті деп танылған 20-ға жуық ыдыс бар. Олар Атырау қаласы, Жылыой және Индер аудандарында орналасқан.

Департамент өкілдері былтыр 30 мамырда Құлсарыдағы «Ниет» жанармай бекетінде болған жарылыстың себебін де атады. Еске салайық, оқиға салдарынан ерлі-зайыпты қаза тапқан еді. 

– Қысыммен жұмыс істейтін ыдыстың жоғарғы бөлігінде сақтандыру клапаны болады. Ыдысқа шамадан тыс газ құйылған жағдайда клапан іске қосылып, артық газ сыртқа шығуы керек. Алайда клапан жұмыс істемей қалып, артық қысымның әсерінен жарылыс болған, – деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары.

Бұл оқиғаға қазір сотта қаралып жатыр. Мамандар енді әрбір мекемеде өндірістік бақылауға жауапты арнайы қызметкер болуы қажет екенін айтады. Ол маман қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалайды.

Ал Құлсарыдағы жарылыстан кейін облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Жылыой ауданындағы 20-дан астам жанар-жағармай құю бекетіне жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталып, нысан иелеріне 22 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакованың айтуынша, тексеріс барысында барлық нысанда санитарлық қорғау аумағы бекітілмегені анықталған.

– Санитарлық қорғау аймағы бекітіліп, оған санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынуы керек еді. Алайда мұндай құжаттар болмаған. Сондай-ақ бір нысанның қызметін бастау туралы заңға сәйкес хабарлама бермегені анықталып, іс Жылыой аудандық сотына жолданды. Кейін айыппұл салынды, – деді Айгүл Искакова.

Мамандардың мәліметінше, әр жанармай бекетінің санитарлық қорғау аймағы кемінде 100 метр болуы тиіс. Бұл аумақта тұрғын үйлер, демалыс орындары мен балалар мекемелері орналаспауы қажет.

Қазір Жылыой ауданындағы барлық нысанға санитарлық қорғау аймағын жасау жөнінде ұсыныстар берілген. Бекет иелері жобаларын әзірлеп, тиісті басқармадан қорытынды алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ұсыныстар шілде айына дейін толық орындалуы тиіс.

Сонымен қатар жанармай бекеттері жылына екі рет санитарлық қорғау аймағындағы атмосфералық ауаға зерттеу жүргізіп, өндірістік бақылау есебін тапсыруға міндетті. Алайда өңірдегі бекеттер бұл талаптарды орындауға асығар емес.

– №62 санитарлық қағидаларға сәйкес, нысандар санитарлық қорғау аумағында лабораториялық зерттеу жүргізуі керек. 100 метр аумақтағы атмосфералық ауа химиялық және физикалық факторлар бойынша тексеріледі. Оның есебін электронды және қағаз нұсқада тапсыруға болады, – деді департамент өкілі.

Есеп жылына екі рет – 5 қаңтар мен 5 шілдеден кешіктірілмей аудандық және қалалық басқармаларға ұсынылуы тиіс. Егер талап орындалмаса, нысандар келесі жылғы профилактикалық бақылау жоспарына енгізіледі.

Бұған дейін Атырауға ай сайын 12-13 мың тонна автогаз қажет екенін жазған едік.