Құлсарының 200-ден астам тұрғыны баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен 200-ден астам тұрғын баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алды.

өтемақы
Фото: Kazinform

Атырау облысы жедел штабының мәліметінше, бүгінге дейін арнайы комиссия 1500-ге жуық үйдің бағалау қорытындысын дайындаған. 

«Құлсары қаласында су кірген үйлерді бағалау және өтемақы төлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір 20 мобильді топтың мүшелері зардап шеккен тұрғындарға бүлінген мүліктің залалын анықтау және техникалық сараптама нәтижесін таныстыруды қолға алды. Бүгінгі күні Құлсары қаласының 209 тұрғыны бүлінген үйін қалпына келтіруге қажетті өтемақыны алды. Оның ішінде 47 отбасына жаңа үй салу немесе сатып алу, 162 адамға жөндеу-қалпына келтіру жұмысы үшін өтемақы төленді», - деп хабарлады облыстық жедел штаб.

Мәселен, Құлсары қаласының тұрғыны Гүлбаршын Қоңырбаеваның отбасы апатты деп танылған үйін бұзғалы отыр. Ол өтемақы төлеу туралы келісімге қол қойған. 

«Үйіміз апатты деп танылған соң ақшалай өтемақы алу үшін 19 мамырда барлық құжатты тапсырып, банктен есепшот аштық. Сол есепштотқа 21 мамырда өтемақы қаржысы аударылды. Енді жаңа үй сатып аламыз», - дейді Гүлбаршын Қоңырбаева.

Ал, Галина Қаражанова 20 мамырда ақшалай өтемақы алу мақсатында құжат тапсырған. Оның есепшотына 21 мамырда мүліктік залал үшін қаржы түскен.

Моноқаланың тағы бір тұрғыны Мейрам Тілекбаев бағалау парағында көрсетілген сомаға келісіп отыр. Қазір ақшалай өтемақы алу үшін құжат жинап жүр.

«Менің үйім тұруға қауіпті деп танылды. Қазір бұзылып жатыр. Жақында мамандар маған баллдық парақ әкелді. Келтірілген шығын көлеміне көңілім толады», -деді Мейрам Тілекбаев.

Тұрғындарының бүлінген мүлкін бағалау осы аптаның соңына дейін аяқталады. Мобильді топтардың жұмысы үйлерді бағалау толық аяқталғанға дейін демалыссыз жүргізіледі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарының 357 тұрғыны өтемақы алу үшін келісімшартқа қол қойғанын хабарладық