Құлсары қаласында су тапшылығы мәселесі шешіледі
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Жергілікті билік Астрахан облысындағы су тоғанының көлемін ұлғайту арқылы Жылыой ауданы халқын сумен қамту мәселесін шешуге ниетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Жылыой ауданының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы мен Құлсары қаласының әкімі Шәкір Кейкин №1 ықшамаудан тұрғындарының су проблемасымен танысты. Аудан мен қаланың бірінші басшылары 17-18, 19-20 нөмірлі үйлердің жоғары қабаттарына шығып, тұрғындардың шағымдарын тыңдап, кейбір тұрғындар су жоғары қабатқа тек белгілі бір уақытта ғана көтерілетінін айтты.
Аудан басшысы бұл мәселе облыс деңгейінде бірнеше рет көтерілгенін атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындармен кездескен Әлимұхаммед Құттымұратұлы Астрахан-Маңғышлақ су құбыры күрделі жөндеуден өтіп жатқанына тоқталды.
Өткен аптада «ССС-5» жобасы аясында айтылғандай, Атырау мен Маңғыстау облыстарын сумен қамтуды Астрахан облысындағы су тоғаны арқылы көбейту жұмысы аяқталуда. Бұл жоба екі облыстың сумен қамтылу көлемін тәулігіне 94000 куб метрден 110000-ға дейін жоғарылатады.
Осылайша жақын арада Жылыой ауданы тұрғындарының су тапшылығы проблемасы шешімін таппақ.