Құлсары қаласында жас кәсіпкер кір сабын өндірісін қолға алды

None
Фото: Shutterstock
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Құлсары қаласында кір сабын шығарыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жылыой ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, жергілікті кәсіпкер Бекарыс Жұқатаев кір сабын шығару ісін қолға алған.

Жас жігіттің бұл кәсіпті бастағанына көп уақыт өтпеген. Бірақ, қазірдің өзінде оның өнімін сатып алатын тұтынушылар қатары көбейген.

«Соңғы 4-5 жылдан бері кір сабын шығаруды ойластырған едім. Өйткені, кір сабын күнделікті тұрмыста жиі қолданылады. Сол себептен, оны шығару әдісін меңгеру үшін іздендім. Ақтау қаласынан арнайы аппаратты алып келдім. Кір сабын жасауға тоң май мен күнбағыс майын шикізат ретінде пайдаланамын. Оны бастапқыда Алматы облысынан тапсырыспен алдырдым. Енді мұндай шикізат осы өңірден табылып отыр. Қазір сұраныстың артуына байланысты күніне 2 мың сабын шығарамын. Сабынға «Jylyoi Soap» атауын беруді жөн көрдім», - дейді Бекарыс Жұқатаев.

Жас кәсіпкер ендігіде сұйық сабын және иіс сабын шығаруды жоспарлап отыр. Бұл үшін мемлекеттік гранттарға қатысуға ниет білдіріп отыр.

«Бір кір сабынның бағасы 100 теңгеден басталады. Ең қымбаты – 250 теңге. Бұл баға сабынның салмағына, сыртындағы арнайы қаптамасына байланысты қойылған», - дейді Бекарыс Жұқатаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында ауыл кәсіпкері бұқтырылған түйе етін қалбырға салып шығаратынын жазған едік. Исатай ауданының Жанбай ауылында тұратын Айнұр Сисекенова қалбырды Алматы қаласынан алдырады. Өнім сапалы болуы үшін қалбырлар залалсыздандырылады. Арнайы құрылғымен туралған түйе етін тұздап қояды. Содан кейін ғана қалбырға салады.


Соңғы жаңалықтар