Құлжа тасжолындағы жанжал: Алматыда 20 жастағы жігіт жүргізушіні тапаншамен қорқытқан

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жүргізушіден травматикалық тапанша тәркіленді. 

полиция
Фото: Александр Павский / Kazinform

Алматы полициясының мәлімдеуінше, жол үстіндегі жанжалға байланысты полицияға хабар түсті. Құлжа тасжолында көлік жүргізушісі басқа автокөлік жүргізушісінің тапаншаға ұқсас зат көрсеткенін хабарлаған.

Ақпарат дереу Медеу аудандық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлеріне берілді. Тарасов көшесімен қиылыста полицейлер іздестіріліп жатқан автокөлікті тоқтатты. Рөлде 20 жастағы жігіт отырған.
Автокөлікті тексеру кезінде жедел-тергеу тобы травматикалық тапаншаны тауып, тәркіледі.

— Қазір қарудың жігітке қайдан келгені және оны көлікте қандай мақсатпен алып жүргені анықталып жатыр. Оқиғаның өзге де мән-жайлары тексеру барысында белгілі болады, — деп мәлімдеді Алматы ПД.

Еске салайық, Астанада түнгі жанжалда газ тапаншасын қолданған ер адамға үкім шыққан еді.