Құмар Ақсақалов: Праймериз ішкі партиялық бәсекелестікті арттырады

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Праймериз ішкі партиялық бәсекелестікті және жастардың азаматтық белсенділігін арттырады. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Nur Otan» партиясының бастауыш сайлауына қатысты осындай пікір білдірді.

Құмар Ақсақалов: Праймериз ішкі партиялық бәсекелестікті арттырады

«Республикада «Nur Otan» партиясының бастауыш сайлауы – праймериз басталды. Өткен жылдың тамыз айында жарияланған партияның қайта жүктелуі партияның облыстық филиалына өз жұмысын қайта қарауға мүмкіндік берді. Өңірдің көптеген өзекті мәселелері халықпен жұмысты күшейту, депутаттық фракцияларды жандандыру, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысының арқасында анықталды. Өзекті мәселелерді анықтау мен шешу жолының бірі – аймақтың өміріне бей-жай қарамайтын адамдарды тарту. Дәл осындай адамдар праймеризге қатысуға ниет білдірді. Олардың көпшілігі қаладағы немесе ауылдағы проблемалар туралы жақсы біледі және оларды тиімді шешуге күш салғысы келеді»,-дейді әкім.

Оның пікірінше, праймериз ішкі партиялық бәсекелестікті, жалпы халықтың, атап айтқанда жастардың азаматтық белсенділігін арттырады. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Аргентина сияқты көптеген елдер бұл механизмді қоғамды демократияландыру, кандидаттарды ынталандыру және партияға деген сенімді арттыру тәсілі ретінде пайдаланды. Қазіргі праймериздің маңызды тетіктерінің бірі - қоғамдық пікірталас. Партиялық алаңдарда халықтың өткір мәселелерді жария етіп, талқылауға қатысуға мүмкіндігі бар. Соның арқасында кандидаттар азаматтардың сұраныстары негізінде өзекті бағдарламалар жасай алады.

«Пандемия жағдайында біз үшін ең бастысы – адамдардың қауіпсіздігі мен денсаулығы. Бүгінде бұл өте маңызды. Сондықтан дауыс беру дәстүрлі түрде ғана емес, онлайн-форматта да өткізіледі. Ол үшін мобильді қосымша және веб-портал әзірленді. Мен әлеуетті үміткерлерге жүгінгім келеді. Кез-келген мәселені түсіну, әр елдімекенге, әр сайлаушыға жету маңызды, сондықтан бірде-бір мәселе назардан тыс қалмауы керек. Нақты аудан мен елдімекеннің проблемалары назарға алынуы тиіс. Оларға осы істе тиімді жұмыс тілеймін! Біздің өңірдегі партиялықтар «Nur Otan» үшін қазір жауапты әрі маңызды кезең келгенін түсінеді. Барлық өзекті мәселелерді шешудің ең жақсы тәсілі – праймериз, оның қатысушылары әрқашан халыққа шығуға және өткір мәселелерді шешуге бар күшін салуға дайын»,-деп жазды әкім өзінің Facebook парақшасында.