Құмар Ақсақалов СҚО тұрғындарын арандатуға бой алдырмауға шақырды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңір тұрғындарын арандатушылардың ырқына ермеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Негізгі мемлекеттік органдар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Біздің мақсатымыз – тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. Ахуал бақылауда. Төтенше жағдай режимі енгізілді. Бірқатар шектеулер болады. Арандатушылыққа ырық бермеуге, деструктивті топтардың шақыруларын елемеуге шақырамыз. Соңғы күндері облыс тұрғындары жоғары азаматтық жауапкершілік пен саяси сауаттылық танытты. Бізге жекелеген тұлғалардың тарапынан облысымыздың аумағында зорлық-зомбылыққа шақырулар туралы ақпараттар түсіп жатыр. Мұндай барлық әрекеттердің жолы қатаң түрде кесіледі», - деді Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар өңір басшысы халыққа өңірдегі ахуалды хабарлап тұруға уәде берді. Ол жергілікті телеарналардың эфирінен сөз сөйлейтін болады.