Құмар ойынға тәуелділер есепке алынбау үшін айласын асырып жүр
АСТАНА.KAZINFORM – Нашақорлық пен құмар ойынға тәуелділіктің алдын алу, соңғы үш жылдағы қолданылып келе жатқан шаралардың тиімділігі және тәуелділікке байланысты құқықбұзушылық статистикасы қаралды.

– Қазір диспансерлік есепте 891 адам бар, оның ішінде 3-і кәмелетке толмаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға төмен. Биыл алғаш рет 34 адам есепке алынды, олардың 19-ы синтетикалық есірткі тұтынушылар. Дегенмен, алғаш рет есепке алынғандардың азаюы шынайы жағдайдың жақсарғанын білдірмейді. Бұл көбіне медициналық көмекке жүгінудің төмендігіне байланысты. Сондай-ақ көптеген адамдар, әсіресе ойынға тәуелділер, есепке алынудан қорқып, анонимді көмек көрсететін жекеменшік клиникаларға жүгінеді. Анонимділіктің болмауы автоматты түрде есепке қоюға және құқықтар шектелуіне әкеледі, – деді Әлия Рүстемова.
Оның айтуынша, жеке клиникалардан деректерді беру тетігінің заңнамалық деңгейде болмауы объективті статистика қалыптастыруға және науқасты бақылауға кедергі келтіреді. Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылдың желтоқсанында консультативтік бақылау жүргізудің жаңа ережелерін бекіткен. Бұл ережеге сәйкес, зиянды пайдалану – психобелсенді заттарды медициналық емес мақсатта қолдану салдарынан туындайтын физикалық, психикалық және құқықтық мәселелерді қамтиды, бірақ тәуелділік синдромының белгілері болмайды. Мұндай науқастар туралы мәліметтер РДН (регистр диспансерлік науқастар) жүйесіне тек статистикалық есеп үшін енгізіледі және олардың құқықтық мәртебесіне әсер етпейді. Консультативтік бақылауды қаржыландыру тетігі әлі әзірленбеген.
– Биылғы жылдың басынан бастап психобелсенді заттарды қолданған 360 адам және ойынға тәуелді 8 адам консультативтік бақылауға алынды. Бұл диагноз жыл бойы бақылауда болуды көздейді. Егер рецидив анықталса, пациент динамикалық бақылау тобына ауыстырылады. Жыл ішінде қайталанған жағдай тіркеліп, қанында психобелсенді заттар бар екені расталса, науқас автоматты түрде диспансерлік есепке қойылады, – деп атап өтті ол.
Әлия Рүстемованың пікірінше, алдағы уақытта диспансерлік есептегі пациенттер саны арта бермек.
Бұған дейін, елімізде лудомания диагнозы неше адамға қойылғанын жазғанбыз.
Сонымен қатар 5 жылда есірткіге тәуелді жандардың саны азайғанын хабарлағанбыз.