«КҮМІС ЕҢЛІКГҮЛ»: Қазақстандық Т. Пименов пен И. Закурдаев супералып слалом мен супер-комбинациядан жеңімпаз атанды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында тау шаңғысы спорты бойынша ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан «Күміс Еңлікгүл» халықаралық турнирі аясында супералып слалом мен супер-комбинациядан жарыстар өтті.
Ерлер арасында өткен бәсекеде жеңіс тұғырына түгелімен қазақстандық спортшылар жайғасты. Бірінші орынды Тарас Пименов жеңіп алса (1:24.69), екінші болып мәре сызығынан Игорь Закурдаев өтті (1:27.98). Ал қола медаль Никита Калюжныйдың қанжығасына байланды (1:25.69).
«Бүгін қазақстандық және украиндық спортшылар үшін өтте сәтті күн болды. Біздің команда үйлесімді әрекет жасап, үздік нәтиже көрсетті. Ал бүгінгі жарыс жолы мен үшін мінсіз күйінде болды» - деді Тарас Пименов.
Әйелдер арасында супергиганттан украиналық спортшы Богдана Мацоцка қазақстандық Мария Григорьеваны 0.91 секундтқа басып озып, бірінші орынды иеленді (1м:27.31). Үшінші орынға тағы бір украиндық таушаңғышы Ольга Кныш жайғасты (1.29.45).
«Ұйымдастырушылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан жарысты жоғары деңгейінде ұйымдастыра білді. Ал жарыс жолы мен үшін әжептеуір күрделі болды. Содан да болар лайықты нәтиже көрсете алмадым. Бірақ спорттың аты спорт қой. Ол тек жеңістен ғана тұрмайды. Жеңіле де білу керек» - деді Мария Григорьева.
Бұдан әрі жарыс супер-комбинацияға ұласты.
Ерлер арасында бірінші орынды қазақстандық Игорь Закурдаев жеңіп алды (2:08.55). Ал франциялық таушаңғышы Эмильен Делор жеңімпаздан 1.14 секундқа артта қалып, екінші орынды иеленді. Үшінші орынға тағы бір қазақстандық спортшы Тарас Пименов жайғасты. Оның көрсеткіші 2:11с.
Әйелдер арасында бірінші орынды тағы да Богдана Мацоцка жеңіп алды ((2:13.56). Украина құрамасының өкілі бұл жолы екі қазақстандық спортшыны Екатерина Карпова (+1.68) мен Екатерина Черепанованы (+16.11) басып озды.
Бүгін тау шаңғы спортының ардагерлері мен әуесқойлары арасында жарыс өтеді