«Күміс Еңлікгүл»: Қазақстандық таушаңғышы Мария Григорьева тағы да жүлдегер атанды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында тау шаңғысы спорты бойынша ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан «Күміс Еңлікгүл» халықаралық турнирі аясында қыздар арасында алып слаломнан жарыс аяқталды.

«Күміс Еңлікгүл»: Қазақстандық таушаңғышы Мария Григорьева тағы да жүлдегер атанды

Бұл жолы да жеңіс тұғырына Украина мен Қазақстанның таушаңғышылары көтерілді. Богдана Мацоцка алғашқы мүмкіндікпен-ақ (1:15.86) жарыстың көш басына шықты. Ал екінші талпыныста мәре сызығына 1:17.82 минутта жетті. Сөйтіп, 2:33.68 минуттық қорытынды уақытпен жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орынға оның отандасы Татьяна Тикун көтерілді (2:35.77). Ал қазақстандық таушаңғышы Мария Григорьева үшінші орынды иеленді (2:39.04).

Отандастарымыз Екатерина Карпова мен Екатерина Черепанова төртінші және бесінші орындарды місе тұтты.

Бүгін турнирдің аяқталар күні алып слаломнан ерлер арасында жарыс өтеді.