12:01, 17 Қаңтар 2019 | GMT +5
Күн сайын 100-150 адамның баспана мәселесін шешіп отырмыз - Ләззат Ибрагимова
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 2018 жылы 38 мыңнан астам адамға баспана алуға заем берді. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2018 жылы біздің банк арқылы күн сайын 100-150 адам баспана мәселесін шешіп отырды. Жалпы өткен жыл біздің банк үшін рекордтық жыл болды. Банк 38 250 заем берді. Бұл 38 мыңнан астам қазақстандық баспаналы болды деген сөз. Әр төртінші заем «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша берілді»,- деді ол.
Оның айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы үш жылдың ішінде 100 млрд теңгенің заемі берілген. Бұл ретте 2018 жылы 8 659 банк салымшылары мен кезекте тұрған азаматтар қоныс тойын тойлады.
«Қазіргі уақытта қоржынымызда 1 млн 200 мыңнан астам депозит бар. Оның үстіне 150 мыңнан астам салымшы - жергілікті атқарушы органдарында кезекте тұрған азаматтар», - деді Ләззат Ибрагимова.