Күндегі ірі құбылыс Жердің магнит өрісіне әсер етеді

АСТАНА. KAZINFORM — Күнде көлденең қимасының диаметрі шамамен 1 миллион шақырым болатын алып короналдық тесік пайда болды. Астрофизиктердің болжамынша, бүгін түнде Жер тұрғындары күшті магниттік дауылға тап болуы мүмкін, деп хабарлайды БелТА.

Күндегі ірі құбылыс Жердің магнит өрісіне әсер етеді
Фото: Донат Сорокин/ ТАСС

Короналдық тесіктер — Күн атмосферасындағы плазманың тығыздығы мен температурасы төмен аймақтар. Мұндай құбылыстар күн желінің жылдамдығын арттырады. Ал күн желі Жердің магнитосферасына әсер етеді.

Күшті магниттік дауылдар электрондық құрылғылардың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Атап айтқанда, навигациялық жүйелер баяу жұмыс істеп, қателіктер жіберуі ықтимал. Сондай-ақ қысқа толқынды радиобайланыс сапасы нашарлайды.

— Алғашқы соққы магниттік дауыл тудыруы мүмкін. Короналдық тесік үлкен болғандықтан, алдағы 5-7 күнде Жердің магнит өрісі жалпы тұрақсыз күйде болады, — деді Ресей Ғылым академиясы П. Н. Лебедев атындағы Физика институтының астрофизигі, физика-математика ғылымдарының докторы Сергей Богачев.

Ал магниттік дауылдардың адам денсаулығына әсері туралы болжамдарға ғалымдар күмәнмен қарайды. Соған қарамастан, көптеген адам бас ауруын, бас айналуын, қан қысымының ауытқуын, жүрек соғысының жиілеуін және ұйқының бұзылуын магниттік дауылдармен байланыстырады.

Бұған дейін Жерде G2 деңгейіндегі магниттік дауыл тіркелді.