«Күнделіктің» қызметі үшін ақы алу заңсыз - депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ақжол» фракциясы «Күнделікке» қатысты депутаттық сауалды Үкіметке жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Кеңес Абсатировтың айтуынша, өткен жылы «Күнделік» ақпараттық жүйесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарынан өте алмады. Соған қарамастан, мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы келісімшартқа қол қойылды.

«Күнделік» ЖШС директоры Александр Григорян да, министр де аталған жүйені қолданғаны үшін ақы алынбайтынын талай рет айтқан. Бұл дегеніміз, электронды сабақ кестесі, электронды журнал, күнделік, мектептің ішкі желісі, баланың сабақ үлгерімі туралы есеп, әдістемелік материалдар, үй жұмыстары, мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы хабар алмасу - бәрі-бәрі тегін болуы шарт. Оны компьютер, гаджет пен смартофонға жүктеу міндеті де болмауы қажет», - деді К.Абсатиров Мәжілістің пленарлық отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ата-аналар арасында «Күнделікке» қатысты наразылық күшейіп келеді. Себебі аталған жүйені ұялы телефонға жүктеп алғаннан кейін сан алуан қызметтер үшін қосымша ақы төлеу қарастырылған.

«Сонда ақылы қызметтер туралы алдын ала ескерту де жасалмайды. Ондай әрекеттер келісімшартқа қайшы. Ол жерде анық жазылған, арнайы және қосымша қызметтер тек тұтынушының сұрауы бойынша ғана ұсынылады. Бұның бәрі ақылы қызметтер туралы келісімшартта көрсетілуі керек. Ал ондай келісім компанияның ресми сайтында жоқ», - деп атап көрсетті К.Абсаттиров.

«Ақжол» фракциясы өзінің депутаттық сауалында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың атына жолдады. Олар ақылы қызметтерді реттеумен бірге «Күнделік» жүйесін ақпараттық қауіпсіздік талаптары бойынша сараптап шығуды сұрап отыр.

Соңғы жаңалықтар