Күндізгі бөлімде оқитын баласы барлар үшін алимент төлеу жасы 23-ке дейін ұзартылады ? заң жобасы
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ажырасқандар арасында күндізгі бөлімде оқитын баласы барлар үшін алимент төлеу жасы 23-ке дейін ұлғайтылады.
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексі жобасына байланысты баяндама жасаған Әділет вице министрі Дулат Құсдәулетов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заман өзгерсе де, отбасы құндылығы өзгермесі анық. Бірақ, әр отбасының құпиясы, қарым-қатынас ерекшеліктері, ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен баланың ара қатынастары заңнамалық қорғауды талап ететіні де айқын. Сол себепті заң жобасында әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауы ескеріледі. Ерлі-зайыптылардың арасындағы қатынас үзілсе де, ата-ана мен баланың қатынастары сақталуы тиіс. Бұдан басқа, жоба бойынша қоғамдағы әлеуметтік жағдайлар ескеріліп, жоғары және орта оқу орындарының күндізгі бөлімдерінде оқитын жастарға алименттік төлем алу жасын 21-ге дейін ұзартуды ұсынған едік. Жұмыс тобының отырысында бұл мерзім 23 жасқа дейін деп белгіленді», - деді Д. Құсдәулетов.
Оның айтуынша, алименттік төлем алатын баланы қорғау үшін республиканың бір өңірінен басқа жерге қоныс аударатын ата-анаға алименттік қарызы жоқ екендігі жөнінде анықтама беру міндеті де Кодекс жобасына енгізілген. Сондай-ақ ажырасу жағдайында тек еркек пен әйел ғана мүлік бөліспейді, баланың да мүліктік құқы қарастырылады. Бұдан басқа, балалары бар отбасыларға жәрдемақы төлеу және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеу мен асырау жөніндегі міндеттерді орындайтын қорғаншылар мен қамқоршыларға жәрдемақы төлеу нормалары да көзделіп отыр.