Күнгейлік өнерпаздар елорданың туған күніне сый-тарту жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұловтың бастамасымен және облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен жерлестеріміз астаналықтарға «Ән мен күй әлдилейді Астананы» атты мерекелік бағдарламасын ұсынды.

Күнгейлік өнерпаздар елорданың туған күніне сый-тарту жасады

Алдымен Конгресс-Холл фойесінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған өнер шеберлерінің жылжымалы көрмесі өтті. Мәдени шарада «Нұрын шашқан - Оңтүстік фотосуреттері», «Шынайы нышан, арнау», «Оңтүстік Қазақстан облысының тарихы», «Ұлы Отан соғысындағы қазақ батырлары» атты 4 бөлімнен құралған құнды дүниелер таныстырылды. Айтулы көрмеге 72-ден астам Тәуелсіздік жылдарындағы Елбасының Оңтүстікке іс-сапарының барысында мәдениет қызметкерлері, еңбек ардагерлері, жастармен кездесуінің фотосуреттері жасақталып, қойылды.  Сонымен қатар, Шымкент шаһарында бой көтерген ғимараттардың, ескерткіштердің фотосуреттері, тарихи кезеңдер бейнеленген кескіндемелік картиналарды да елордалықтар тамашалауға мүмкіндік алды. Ал аталған көрмені арқадағы ағайынға жергілікті мұражайдың мамандары мен қылқалам шеберлері аралатып, әрбір дүниені етене таныстырды. Қаумалаған жұртшылық әсіресе суретші А.Оспановтың шығармаларына қызығушылық танытты.

Бас қаланың туған күнінде  жерлесіміз, әйгілі суретші, қазақи қолданбалы өнердің хас шебері Құттыбек Жақыпов та тосылмады. Рухани сый-тарту жасады. Астанаға деген құрмет -ықыласын он саусақтың құдыретімен жеткізді. Өнер иесі жылдар бойғы еңбегін елордалықтардың назарына ұсынды. Қазақтың төл өнері мен елдің тағдыры көрініс тапқан фольклорлық-мифологиялық сарындағы гобелендерді тамашалаушы тұрғындардың да қарасы қалың болды. Енді қолөнер шеберінің жүздеген туындылары  қыркүйек айының 15-ші жұлдызына дейін «Тәуелсіздік сарайының»  төрінен  табылмақ.

Сондай-ақ, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен  Астана күні мерекесіне Оңтүстік Қазақстан облысының өнер шеберлері  Конгресс-Холл залының сахнасында «Ән мен күй әлдилейді Астананы» атты Гала-концертін өткізді. Концертке арнайы келіп қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков өңір басшысы жолдаған құттықтау сөзін жеткізді. Мәдениет саласының атқарған жұмыстары мен бірқатар жетістіктерін марқая айтты. Ал айтулы мерекелік концертте Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері, «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «Қазына», «Тұмар» би ансамбльдері, облыстық опера және балет театры мен облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері өнер көрсетіп, көпшіліктің құрмет-ықаласына бөленді. Жергілікті сазгерлер, оның ішінде Ш.Қалдаяқовтың шығармалары да сахнаны әнмен әлдиледі. Жерлестеріміз әлемнің жаһұттарына айналған классикалық еңбектерді де еңсерді. Бекзат өнер - операда да сыршыл сазды шығармалар шарықтай шырқалды. Ал дәстүрлі әндер халықтың төл өнерін жаңғыртты. Сөз соңында астаналық ағайын, залдағы көрермен қауым рухани сый-тарту әзірлеп, оны үлкен құрметпен ұсынған Оңтүстіктің өнерпаздарына алғысын жаудырды. Қазақтың төл өнері жаңғырып, ұлттық-аспаптарда күйдің шертілген кешін көптен бері тамашаламағанын айтып ағынан жарылды. Тың бағдарламаға тәнті болысты. Айта өтейік, облыстық мәдениет басқармасы басшылығының мәліметінше,  осынау мерекелік думанды құттықтауға күнгейлік 160-қа жуық өнерпаз жұмылған.