Құны 54 млн болатын 247 мың литр мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымы тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласы мен Абай облысында жалпы сомасы 54 миллион теңгеден асатын 247 мың литрден астам мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымы тоқтатылды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлім етті.

Комитет Алматы қаласы мен Абай облысында жанар-жағармайдың заңсыз айналымының ірі фактісін анықтап, жолын кесті.
— 30 сәуірде Алматы қаласындағы мұнай базаларының бірінде тексеру іс-шаралары барысында 35 миллион теңгеден астам сомада 177 100 литр жанар-жағармай анықталды. Өнімдер резервуарларда, бензин тасымалдау көліктерінде және пластик ыдыстарда тиісті құжаттарсыз сақталған. Материалдар процестік шешім қабылдау үшін Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаментіне жолданды, — делінген хабарламада.
Ал, 25 сәуірде Семей қаласында (Абай облысы) жүргізілген жоспардан тыс салықтық тексеру нәтижесінде салық есебіне алынбаған, қызметті заңсыз жүзеге асырған, тіркелмеген автожанармай құю станциясы анықталды. Құны шамамен 19 миллион теңге 70 тоннадан астам мұнай өнімдері алынды. Материалдар Абай облысының Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.
— Акцизделетін тауарлардың заңсыз саудасы экономикаға зиян келтіріп, адал кәсіпкерлер үшін теңсіз жағдай туғызады және қоршаған орта мен халық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін, — деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитетінен.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысында заң бұзған авто-газ құю станцияларына 1 млн теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.