Күнкөріс минимумы: Қазақстанда кедейлікпен күрес қалай жүреді

Өткен айда Ұлттық экономика министрлігі Қазақстанның 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жариялады. Құжатта елдегі кедейлік деңгейін төмендету үшін әлеуметтік стандарттарды қайта қарау қарастырылған. Межеге сенсек, 2029 жылы орташа айлық жалақы 573 мың теңге, ең төмен зейнетақы 82 мың теңге, ең төмен күнкөріс деңгейі 56 мың теңге шамасында болмақ. Бұл қадам кедейлік деңгейін түсіруге көмектесе ме? Мәселені шешудің балама жолы қайсы? Kazinform тілшісі маңызды сауалға жауап іздеп көрді.

кедейлік
Коллаж: Canva

Халықтың 5,1 пайызы - кедей

Алдымен тақырыпты деректен бастайық. 2024 жылы ең төменгі жалақы – 85 мың теңге, ең төменгі зейнетақы – 57 853 теңге, ең төменгі күнкөріс минимумы – 43 407 теңге, орташа жалақы 403 251 теңгені құрады. Биылғы министрлік болжамына шамалас. Десе де аталған сан нақты жағдайда қандай нәтиже беретіні белгісіз. Инфляция деңгейі мен билік жоспары қабыспауы да мүмкін. Мәселе осында болып тұр. Себебі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жыл ішінде қызметтер құны – 13,6%, азық-түлік емес тауарлар – 7,6%, азық-түлік 5,1% қымбаттаған.

Оның үстіне биыл І тоқсанда ел азаматтарының 4,6 пайызы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатыны айтылса, II тоқсанда халықтың 5,1 пайызы кедей екені белгілі болды. Әсіресе, Түркістан, Маңғыстау, Жетісу, Абай, Жамбыл облыстарында әлеуметтік осал топтағылар көп. Мұнда кедейлік деңгейі 5-7 пайыздың айналасында. Ал Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сенсек, қазақстандықтардың 14,6 пайызы, басқаша айтсақ, 2,9 млн адам кедей. Елішілік статистикадағы 5,1 пайыз көрсеткіштен 3 есеге жуық жоғары. Неліктен? Сарапшылар мемлекет кедейлік деңгейін саралауда сауалнамалық әдісті ұстанатынын айтады. Ұлттық статистика дерегінен де дәлелді байқау қиын емес: Тоқсан сайын 12 мыңға жуық үйде сауалнама жүргізіп, ортақ статистикаға біріктіреді.

Осы орайда қоғам белсенділері мемлекет кедейлікпен күресте теңге бағамы мен халықаралық стандарт секілді бірнеше факторды есепке алмай отыр деген ойда. Экономист Әнуар Нұртазиннің пікірінше, мұнай нарығы да кедейлікпен күрес жоспарының тиімсіз тұсын көрсетуі ықтимал.

– Әлеуметтік саладағы бес жылдық жоспарды дөп басу қиын. Себебі біздің экономика шикізат саудасына әрі ондағы баға саясатына тәуелді. Әлеуметтік төлемдер индикаторы еркін нарық бағытына сүйенгендіктен, бақылау оңай емес. Мәселен, Қазақстандағы нарық бағасы мұнай бағамына, халықаралық валюта қорының әрекетіне қарай құбылады. Қазір Таяу Шығыстағы жағдай мұнай бағасын тұрақты деңгейде ұстауға кедергі, ХВҚ (Халықаралық валюта қоры – ред.) өзіне жайлы позициясын тықпалауда. Сондықтан төлемдерді көтерумен мәселе шешілмейді, дербес экономиканы құру ғана оңтайлы жол болмақ. Президенттің Үкіметке макроэкономиканы дамытуды тапсыруы осы мәселеден туындады, – дейді сарапшы.

Сондай-ақ кедейлік шегін белгілеуде халықаралық норманы назарға алу кемшін екені көп айтылады. Қазір елдегі кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на тең, яғни 30 385 тенге. Бұл ғаламдық ұйымдар белгілеген көреткіштен анағұрлым төмен. Мысалы, Дүниежүзілік банк айлық табысы 205,5 доллардан (100 мың теңге шамасында) кем адамды кедейлік шегінде деп таныса, БҰҰ бұл тізімге айына 150 доллардан (73 мың теңге шамасында) аз табысы барларды қосқан. Қазақстандағы 30 385 теңге аталған деңгейдің жарымына да жетпейді.

әлеуметтік көмек
Инфографика: Kazinform

 

Бүгін әрбір бесінші қазақстандық мемлекеттен әлеуметтік қолдау алып жатыр. Сол үшін әлеуметтік көмек беру үшін кедейлік шегі күнкөріс деңгейі арқылы емес, медиандық табыс мөлшерінде анықтау мәселесі оқтын-оқтын көтеріледі. Себебі аталған табыс мөлшері – адамдардың орташа табысын есептеуде ең қолайлы тетік. Төлем сомасын көбейтуге де мүмкіндік береді. Мысалы, өткен жылы Қазақстандағы медиандық табыс 223 792 тенге болса, биыл 285 677 теңгеге жеткен болатын. Бұл практиканы Еуроодақ пен Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы қатар қолданады. Жауапты министрлік қоғам талабын түсініп, келер жылдан бастап аталған жүйеге көшпек. Әзірге кедейлік шегі медиандық табыстың қанша пайызы шеңберінде белгіленетіні белгісіз, алайда бүгінгі деңгейден біршама жоғары болары анық.

Кедейлікпен күрестің тиімді жолы көп. Әнуар Нұртазиннің сөзінше, жұмыспен қамтуды жүйелеу, кәсіпкерлік бағдарламаларды көбейту, салық жеңілдіктерін қарастырудан бөлек, аудан және елді мекендерге басымдық беру маңызды. Шалғай аудан мен ауылда жұмыс орнын ашпай, әлеуметтік салада ілгерілеу қиын. Сонымен қатар инфляциямен күресті монетарлы әдіспен емес, ұсыным экономикасына сүйене жүргізу келешек бағдарға ықпал етпек.

– Орташа айлық жалақы, ең төмен зейнетақы мөлшерін аталған деңгейге жеткізуге болады. Алайда биліктің бірнеше факторды есепке алуы орынды. Алдымен теңге бағамын құлдыраудан сақтау қажет, кейінгісі – орташа зейнетақы көлемі орташа жалақының жарымына жеткені жөн. Нақтырақ айтсақ, 45-50 пайыз шамасында болуы керек. Бұл мөлшер халықтың қамсыз өмір сүруі үшін маңызды. Егер біз аталған ережені сақтамасақ, зейнет жасындағылар арасында кедейлікті азайту мүмкін емес, – деді ол.

АӘК тығырықтан шығар жол ма?

Кедейлікті күшейтіп тұрған тағы бір олқылық – нарық бағасы. Freedom Finance Global зерттеуіне сүйенсек, қазақстандықтар орташа есеппен ай сайын азық-түлік сатып алуға 113 870 теңге жұмсайды. Демек, әлеуметтік көмек те әл болмай тұр. Кірістің көбі ішіп-жемге кеткенде күнкөрістің қыспаққа алатыны белгілі.

– Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, респонденттердің 27,3%-ы айына 50 мың теңгеге дейін, 25,9%-ы айына 75-тен 100 мың теңгеге дейін жұмсайды. Әрбір бесінші респондент (17,2%) осы мақсаттарға 100-ден 150 мың теңгеге дейін, 12% — 50 мыңнан 75 мың теңгеге дейін бөледі. Ал респонденттердің тек 10,4%-ы ғана 150-ден 200 мың теңгеге дейін өнім сатып алуға жұмсайды, 7,2%-ы 200 мың теңгеден жоғары жұмсайды, – деді Freedom Finance Global сарапшысы Аңсар Абуев.

Маңғыстауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 8 түрі арзандады
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, биыл 372 мың адам атаулы әлеуметтік көмек алған. Бұл мақсатқа қазынадан 60,5 млрд теңге бөлінген, өткен жылы 69,6 млрд теңге шамасында болғаны есте. Мемлекет жәрдемін 2020 жылы – 936,2 мың адам, 2021 жылы – 990,5 мың адам, 2022 жылы – 728,7 мың адам, өткен жылы 598,4 мың қазақстандық алған. Сірескен сан ауқымды көрінгенімен, жан басына шаққанда көрсеткіш көңіл көншітпейді. АӘК көлемі небары 5 538 теңге шамасында – ең төменгі күнкөріс деңгейінен 8 есе аз.

Жалпы атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жүйелеу мақсатында отбасының цифрлық картасы енгізілген болатын. Карта 24 ақпараттық жүйеден деректерді алып, 5 санат бойынша әл-ауқатты белгілейді. Жүйеге енген азаматтардың дерегіне көз салсақ, 33 пайызы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табыс алады.

Ел арасында әлеуметтік көмек алу үшін табысын жасыру фактісі барын жоққа шығара алмаймыз. Азаматтардың нақты табыс мөлшерін анықтауға да сол кедергі. Жауапты органдар да олқылықты айтып, ашықтыққа шақырғаны белгілі. Алайда мұнан нәтиже көрінбейді. Сондықтан қазақстандықтардың нақты табысы туралы мәліметтегі алшақтық көпке дейін шешілмейтін секілді.

Дегенмен бұл ұстаным 2029 жылға дейінгі меже орындалмайды дегенді білдірмейді. Әнуар Нұртазин әлеуметтік төлемді азаматтардың табыс көлемін елемей-ақ көтеру орынды деп санайды. Себебі халық арасындағы көлеңкелі табыс шешімге әсер ететіндей ауқымды емес.

– Көлеңкелі экономика бар дегенге сенбеймін. Елдің көбі цифрлы жүйеге көшкен. Сауда, тұрмыстық аударымдарды банк қосымшалары арқылы жүргізеді. Сондықтан Мемлекеттік кірістер комитеті барлығын бақылауына мүмкіндік бар. Табысын жасыру фактісі болған күнде оның көлемі жағдайға әсер етпейді, – деді экономист.

Соңғы жаңалықтар