Күннің күрт жылынуына байланысты оңтүстік өңірдегі өзендерде мұз еру қаупі бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болады. Кей жерлерде қар түсіп, жел күшейіп, боран соғып, тұман түсуі ықтимал. Тіпті көктайғақ та болуы мүмкін, деп хабарлайды «Қазгидромет».
Алматы облысы Жалаңашкөл ауданында жел күшейіп, оның екпіні 28 метр секундқа дейін жетеді. Кей жерлерде тұман түседі деп күтілуде. Шығыс Қазақстан облысының кейбір жерлерінде де жел күшейеді, Жарма ауданында жел екпіні 25-28 метр секундқа дейін жетуі мүмкін. Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарының кей жерлерінде жел күшейіп, жаяу борасын соғуы ықтимал. Ақтөбе, Қостанай облыстарында жел екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облыстарында 15-22 м/с дейін жел күшейіп, тұман түсіп, көктайғақ болады. Алдағы күндері оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлерінің жекелеген өзендерінде температураның көтерілуіне байланысты мұз еруі мүмкін. Сырдария өзенінде, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының кей өзендерінде су деңгейінің тербелуі байқалуы ықтимал.