Құны 18 млн теңге болатын автотиегішті айдап әкеткен күдіктілер ұсталды
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдарына жауапкершілігі шектеулі серіктестердің бірінің жүргізушісі жүгініп, түнгі уақытта Алаш тасжолы бойында қалдырған автотиегішінің ұрланғанын хабарлаған. Оның айтуынша, жұмыстан кейін көлігін жол бойына қалдырып, үйіне кеткен. Ал таңертең көліктің ұрланғанын біліп, полицияға жүгінген.
«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері көлікті айдап әкету күдігімен қаланың 29 жастағы 2 тұрғынын ұстады. Қаскүнемдер иесіз көлікті байқап, жақын маңда бейнекамералардың және бөгде адамдардың жоқтығын пайдаланып, автотиегішті айдап әкеткен. Күдіктілер ұрланған көлікті түн уақытында қала маңындағы ауылдардың біріне жасырған. Олар автотиегішті басқа қаладағы сатып алушыға 6 млн теңгеге саудаламақ болған. Бұл үшін олар ұзын өлшемді жүк көлігінің жүргізушісімен автотиегішті тасымалдауға уағдаласқан», - деп атап өтеді департаменттен.
Ведомство ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қалалық полиция департаментінің уақытша оқшаулағышына қамалды. Олардың елорда аумағында жасалған осындай қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.