Құны 24,8 млн. теңге көлеміндегі зергерлік бұйымдарды алып өтпек болған азаматшаның ісі сотқа жолданды- Қаржы полициясы
АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Құны 24,8 млн. теңге көлеміндегі декларацияға енбеген зергерлік бұйымдарды алып өтпек болған азаматшаның ісі сотқа жолданды.
Бұл туралы бүгін Астана қаласы қаржы полициясы департаментінде өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлім болды.
Қаржы полициясы қызметкерлері мәлім еткендей, айыпталушы тұлға өткен жылы «Ыстамбұл-Астана» халықаралық рейсімен ұшып келіп, кедендік бақылаудан құны 24,8 млн. теңге көлеміндегі декларацияға енбеген зергерлік бұйымдарды, соның ішінде 243 дана жүзік, 275 дана мойынға тағатын бау, 82 дана түйреуіш, 331 дана алқа ілгіштері, 222 дана сырға, 65 дана білезік, 20 дана қаптама, 100 дана сырға-жүзік, 2 дана галстукке тағатын қысқышты заңсыз алып өтпек болған.
Құны ірі көлемді соманы құрайтын заттарды декларацияға енгізбей жасырын алып өтпек болған азаматшаны кедендік шекарадан өту барысында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сақшылары ұстаған.