Құны арзан шетелдік автокөліктерді алып келу ақша ұрлаудың кең тараған схемасына айналды

АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазіргі таңда құны арзан шетелдік автокөліктерді алып келу аңқау азаматтардың ақшасын ұрлаудың кең тараған схемаларының бірі болып отыр.

Құны арзан шетелдік автокөліктерді алып келу ақша ұрлаудың кең тараған схемасына айналды

Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

М. Жұманбайдың айтуынша, Астана қаласында Жақыпов деген азамат мүлкін тәркілеумен 6 жыл бас бостандығынан айырылды. Ол АҚШ-тан автомобильдерді алып келемін деген жалған сөзбен бірнеше азаматтың 14 млн.теңгесін иемденіп кеткен. Ал Шығыс Қазақстан облысында Бойко-Бородин деген азамат 7 жылға сотталған. Ол Польша мен Германиядан көлік жеткіземін деген алдаумен 20 азаматтың 21 млн.теңгеге жуық ақшалай қаражатын иемденіп кеткен.