«Құпия ақпаратты жариялады» деп айыпталған қызылордалық сотта жеңді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда соты бір серіктестікте 16 жыл бойы бақылаушы-механик болып еңбек еткен азаматтың еңбек құқығын қорғады.

Таразда Шавкат Рахмоновтың зайыбына қатысты сот қарауы басталды
Фото: Pixabay.com

Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, кәсіпорынның әлеуметтік мәселелері жөніндегі кеңесте ол сол кездегі кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік мәселелеріне қатысты пікір білдірген.

— Осы кеңестен кейін жұмыс беруші ер адамды кәсіпорынның құпия ақпаратын жариялады деп есептеп, оған қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданған. Ер адам бұл бұйрықпен келіспей, келісу комиссиясына жүгінген. Алайда, комиссия дауыстардың тең түсуіне байланысты дауды сот тәртібімен шешу құқығын түсіндірген. Сонымен қатар мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасы талаптарының бұзылғанын анықтап, оларды жою туралы ұйғарым енгізген. Сотта ер адамның құпия ақпаратпен жұмыс істеуге рұқсаты болмағаны, жария етілді делінген мәліметтердің заңмен қорғалатын құпия ақпарат екені дәлелденбегені, нақты қандай ақпараттың кімге және қандай жағдайда жарияланғаны қызметтік тексеру қорытындысында көрсетілмегені анықталды, — делінген хабарламада. 

Сонымен қатар оның әрекетінен кәсіпорынға қандай да бір залал келмеген.

— Сот ер адамның тәртіптік теріс қылық жасағаны дәлелденбеген деген қорытындыға келіп, тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты заңсыз деп танып, оның күшін жойды. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды, -делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстанда азаматтар мемлекеттік органдардың шешімдерімен келіспеген жағдайда өз құқықтары мен заңды мүдделерін әкімшілік сот арқылы қорғай алады.