Құпиясы көп Құмиян: Сыр бойындағы көне қала жұрты қандай сыр бүгіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Археолог ғалымдар Сыр бойында көне қалалардың көптігін айтады. Оған дәлел боларлық құтты мекендер баршылық. Көпшілігі әлі күнге дейін ескерусіз қалып отыр. Соның бірі – Жаңақорған ауданы аумағындағы Құмиян немесе Мейрамтөбе шаһары.

Құмиян тұрғындары ХІІ-ХІІІ ғасырларда тіршілік еткен. Қала Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылының оңтүстік-батыс жағында, 30 шақырымдай қашықтықта орын тепкен. Сырдарияның құрғап қалған арнасынан 3-4 шақырым жерде тұр. Құмиян – тік төртбұрышты қала. Көлемі 210х180 метрге жуықтайды. Қорғанның кейбір сақталған биіктігі 5-6 метрді құрайды. Дуалының ені – 3-3,5 метр шамалас. Оңтүстік жағындағы екі бұрышында мұнараның құлаған орны 2,5 метр төбе болып жатыр. Қорғанның құрылыс жүйесіне қарағанда төрт жағында бес-бестен мұнара болған. Мұнаралардың арасы – 35 метр. Қақпасы оңтүстік-шығысында орналасқан. Қорғанның сыртын айналдыра қазылған ордың ені 8 метр болса, тереңдігі 1,5-2 метрге жуық. Құмиянның ортасында көлемі 45х45 метр цитаделі бар.
Жергілікті өлкетанушы Әлімжан Ержанов Құмиянның солтүстік-батыс жағындағы бұрышта шағын ғана төбенің орны көзге түсетінін айтады. Өкініштісі, оны зерттеген ғалымдар онда не болғанын нақтылаған жоқ.
«Дегенмен жасаған жорамалға сүйенсек, қала ішінде құрылыс жүйелері болуы әбден мүмкін. Ғалымдар Құмиянды зерттеу барысында көптеген қыш ыдыстарды теріп алған. Олардың ернеуінде жапсырылған жиектері мен су тасуға арналған құмыралардың тұтқалары әсем жасалған. Қалада қолөнер жасау ісі жоғары деңгейде дамыған. Өйткені ас ішуге арналған ыдыстар әсем безендірілген. Олардың астыңғы бөліктері дөңгелек болып келеді. Аталған дүниелерге пайдаланылған ыдыстардың бояулары Отырар қаласынан табылған ыдыстарға өте ұқсас екен. Отырар қаласы да бұл аумаққа жақын орналасқан», - дейді ол.
Бұл қаланы кезінде кімдер зерттеді, мұндай мәліметтерді көп емес. Десе де, қай кезде де оған назар аударған ғалымдар аз емес секілді. Құмиянның өмір сүру кезеңі Сыр бойындағы өзге де көне шаһарлармен сәйкес келеді. Сол бір кезеңдерде дария бойына жағалай қонған қалалар өзара бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста өмір сүрген. Себебі қайсыбір көне қаладағы сәулет өнері бір-біріне өте ұқсас.
Ендігі кезекте Құмиян атауы қайдан шықты дегенге назар аудара кеткеніміздің артықтығы болмас. Оны зерттеушілер құм деген тіркеске қарай отырып, «құмдағы қала» дегенді білдіруі мүмкін деген жорамалын жасырмайды. Ал оның Мейрамтөбе деген екінші атауы жөнінде ешқандай болжам жоқ.
Ендігі әңгіме ауанын аңызға бұра кеткеніміз артық болмас. Жаңақорған ауданың тұрғыны Рақымжан Тұрсынбекұлының айтуынша, Құмиян немесе Мейрамтөбеде бір кейуана өмір сүреді. Сол қарияның жалғыз ұлы бар екен. Әлгі кейуана ішерге ас, киерге киім таппай жүрген кедей болған көрінеді. Қолында жар дегенде жалғыз ешкісі болған дейді. Бұл отбасы сол ешкінің сүтін қорек етеді екен. Артылған сүтті ыдысқа құйып, басқа бөлмеге сақтап қояды. Дегенмен кейуана күндердің күнінде мынадай жағдайды бастан өткізеді. Белгісіз біреу ыдыстағы сүтті ішіп, оның орнына бір ділдәдан қалдырып кетеді. Кейуана бұл құбылысқа таңғалып, осы жағдайдың себебін біле алмай, дал болады. Бұл көрініс күнделікті қайталана береді. Бұрын қоңыртөбел тұрмыста өмір сүрген отбасы көп ұзамай-ақ байып шыға келеді.
Осылайша күндер өтеді. Кейуана жұмбақ сырдың құпиясына үңілуге тырысады. Сол арқылы көңілдегі сауалдың түйіні шешіледі. Жұмбақ құбылыстың басты кейіпкері кәдімгі жылан екен. Қарияны көргеннен кейін жыланға тіл бітіп, өзі жайында ешкімге тіс жармауын сұрайды. Егер бұл құбылысты басқа адамдар сезіп қойса, бүкіл шаһар жыландар шабуылына ұшырайтынын айтады.
Дәулетті өмір сүре бастаған қарияның жағдайынан шаһар басшысы да хабардар болады. Оны арнайы шақыртып алады. Баю себебін сұрайды. Кейуана жыланның айтқаны есіне түсіп, жауап бермей, сытылып шығуға тырысады. Өкініштісі, шаһар басшысы нақты жауап алмайынша, қарияны босатпайтынын айтады. Осыдан кейін қысым көрген кейуана болған оқиғаны баяндап береді. Содан соң жылан да көрінбей кетіпті.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін қалаға жыландар шабуылы басталып кетеді. Әркім қарақан басының қамын күйттейді. «Тұрымтай тұсымен, балапан басымен» дегендей күй кешеді. Соның салдарынан Құмиянда тұратын халық қынадай қырылады. Бұл шабуылдан екі адам тірі қалып, қаладан қашып шығады. Алайда олардың соңынан бір жылан шығады. Екі кісі Бұқараға мал айдаған адамдарға қосылады. Болған оқиғаны оларға баяндап береді. Әлгі екі адамның бірінің қолында кетпен, екіншісінің қолында жеті таба нан бар екен. Оқиғаны естіген азаматтар оларға соларды бастарына қойып тұруға кеңес береді. Олар дәл солай жасайды. Ысылдап келіп, төбеден төнген жылан кетпен мен алты нанды тесіп өтіп, жетіншісіне келіп тоқтаған екен. Осының арқасында әлгі екі адам аман қалғанға ұқсайды.
Бұл Құмиянның құрып кетуіне себепші болған оқиғаның бірі ме екен? Басқа қандай жағдайлар себеп болды? Бәлкім, жаугершілік заманда жермен-жексен қирады ма екен? Бұл тұрғыда ешқандай нақты деректер кездесе бермейді.