Құрамында қант бар сусын өндірушілер мемлекеттен акциз енгізбеуді сұрады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының алаңында Алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілерінің қауымдастығы Қазақстан Үкіметіне құрамында қант бар сусындарға акциз енгізбеу туралы өтінішпен қайта жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, 2021 жылдың 12 қазанында «Салауатты ұлт» ұлттық жобасы бекітілді, оның шеңберінде 2023 жылдан бастап 2023 жылы 20%, 2024 жылы 35%, 2025 жылы 45% мөлшерлемелермен қант қосылған сусындарға акциз енгізу бойынша іс-шара көзделген.
Осыған байланысты Қазақстандағы алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілерінің қауымдастығына кіретін алкогольсіз сусындардың тоғыз жетекші өндірушілері мен импорттаушылары «Ерікті міндеттемелер кодексіне» қол қойды. Компаниялар 2026 жылдың соңына дейін барлық қатысушылардың шоғырландырылған сусындар портфолиосындағы қосылған қанттың орташа мөлшерін 10%-ға төмендетеді.
Кодекс алкогольсіз сусындардың құрамына, таңбалануына және маркетингіне (соның ішінде жарнама мен нарықта ілгерілуіне) қатысты негізгі қағидаттар мен тәсілдерге қатысты ерікті ережелерді анықтайды. Компаниялар тұтынушыларға әртүрлі өнімдер мен дәмдердің, соның ішінде калориясыз опциялардың кең ауқымын ұсыну үшін сусындардың рецепттері бойынша жұмысты күшейтуге келісті. Өндірушілер 2026 жылдың соңына дейін портфолиосын шағын орау форматтарымен (0,5 литр немесе одан аз) толықтыруға және сусындарының қаптамасына тұтынушыларға қолжетімді және түсінікті сусынның құрамы туралы толық және сенімді ақпаратты орналастыруға міндеттенді.
Алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілерінің қауымдастығы, сондай-ақ Кодекске қол қойған компаниялар барлық басқа алкогольсіз сусындар өндірушілерін Кодексте тұжырымдалған міндеттемелерді қабылдауға және оларды нарықтық тәжірибеге тез әрі толыққанды енгізуге ықпал етуге шақырды.
«Қазіргі қиын экономикалық жағдайда қауымдастық мүшелері өндірушілер мен халыққа сусындарға қосымша акциздік салық салмауды ұсынады. Азық-түлік, сусындар бағасы шамамен 70%-ы импорттық болып табылатын шикізат бағасының өсуіне, логистикалық тізбектердің күрделенуіне және доллар мен еуро бағамының өсуіне байланысты көтеріледі. Егер мемлекет отандық сусындар өндірісін, сондай-ақ жақын арада тағы бір зауыт салу және елді жергілікті қантпен толық қамтамасыз ету жоспарланып отырған қант саласын қолдағысы келсе, онда біз бұл мәселені саланың өзін-өзі реттеу жолымен шешуді ұсынамыз. Ұлыбритания, Норвегия сияқты кейбір еуропалық елдер өз өндірушілеріне қолдау көрсету үшін бұрын енгізілген алкогольсіз сусындарға салынатын салықтарды алып тастай бастады», – деп атап өтті Алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірушілер қауымдастығының президенті Әлия Мамытбаева.
Сондай-ақ Әлия Мамытбаева қантты азайту туралы шешім өндірушілерге оңай болмайтынын атап өтті.
Құрамында қант бар сусын өндірушілерді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов те қолдайды.
«Атамекен» ҰКП күрделі экономикалық жағдайды ескере отырып, ұсынылған шараларды қолдамайды. Бұл жағдайда компаниялар саланың өзін-өзі реттеуі тиімді құрал болады, сондықтан мемлекет индустрияны да естіп, Қазақстанда құрамында қант бар сусындарға акциздік салық енгізбейді деп сенеміз», – деп атап өтті Айтуар Қошмамбетов.