Құрбан айт мерекесіне орай 5 күндік демалыс жарияланды — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Ирандық инвестор Қазақстанда май зауыты мен құс фабрикасын салады — Eurasia Today
Иранның Golrang Industrial Group компаниясы Қазақстанда май өңдеу зауыты мен құс фабрикасын салуға инвестиция құяды. Жобалардың жалпы құны 120 млн АҚШ долларын құрайды.
Қазақстанның Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен компания басшысы Фазли Меһди Мохаммадкаримнің кездесуі барысында екі ірі жобаға қатысты келісімге қол жеткізілді. Оның бірі — 70 млн долларлық май экстракциялау зауыты, екіншісі — 50 млн долларлық заманауи құс фабрикасы.
Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, май зауыты тәулігіне 3 мың тоннаға дейін күнбағыс өңдеуге мүмкіндік беріп, отандық шикізатты терең өңдеуді дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталады. Ал құс фабрикасы жұмыртқа өндірісін жолға қойып, ішкі нарықты қамтамасыз етуге және өнім сапасын халықаралық стандарттарға жеткізуге мүмкіндік береді.
Тараптар бұл жобалар Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне жаңа технологиялар тартуға және инвестициялық ынтымақтастықты күшейтуге ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ 2025 жылы Қазақстан мен Иран арасындағы АӨК саласындағы тауар айналымы 341 млн долларға жетіп, 55,8 пайызға артқаны хабарланды.
Құрбан айт мерекесіне орай 5 күндік демалыс жарияланды — CNR
Шыңжаң Ұйғыр автономиялы өлкелік халық үкіметі ресми түрде 2026 жылғы мереке және демалыс күндеріне қатысты орналастыру кестесін жариялады.
Соған сәйкес Құрбан айт мерекесі мамырдың 27-сіне белгіленген.
Аталған құжатқа сәйкес, мамырдың 27-сінен 31-іне дейін жалпы 5 күн демалыс беріледі. Бұл аралықта мемлекеттік мекемелер мен бірқатар ұйымдарда ресми демалыс режимі сақталады.
Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Орталық халық радиосы» хабарлады.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, үкіметтің түсіндіруінде бұл шешім дәстүрлі діни мерекелерді құрметтеу және тұрғындардың мерекені отбасымен бірге өткізуіне жағдай жасау мақсатында қабылданғаны атап өтілген.
Айта кетейік, демалыс күндері өңірде қоғамдық қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін кезекшілік тәртібі енгізілуі мүмкін.
Осылайша, Құрбан айт мерекесіне байланысты тұрғындар қатарынан 5 күн демалыс алып, мерекені кең көлемде атап өтуге мүмкіндік алады.
Ташкентте түркі мемлекеттерінің сот-құқықтық білім беру форумы басталды — ӨзА
Ташкент қаласындағы «Hilton Tashkent City» қонақүйінде «Түркі мемлекеттеріндегі сот-құқықтық білім беру және әділ сот төрелігі: цифрлық трансформация және озық тәжірибелерге интеграция» тақырыбында халықаралық форум өз жұмысын бастады.
Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді.
Хабарламада айтылғандай, жиынға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның сот-құқықтық білім беру мекемелері, бас прокуратура академиялары, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қатысып жатыр. Форумда құқықтық білім беру жүйесін жетілдіру, сот кадрларын даярлау сапасын арттыру және әділ сот төрелігін дамыту мәселелері талқыланып жатыр.
Сондай-ақ жасанды интеллектті судьяларды даярлауда қолдану, цифрлық технологияларды сот-білім беру үдерісіне енгізу және кадр даярлау жүйесін жаңғырту бағыттары қарастырылады. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, озық тәжірибелерді ортаға салады.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Ташкент пен Хиуа арасын жоғары жылдамдықты пойыз байланыстырды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Ташкент пен Хиуа қалалары арасында жоғары жылдамдықты жаңа жолаушылар пойызы іске қосылды. Алғашқы сапарын «Жалаладдин Мәңгіберді» электр пойызы жасап, елдегі көлік инфрақұрылымының жаңа кезеңін бастады.
Бұған дейін 1022 шақырымдық жолға кемінде 14 сағат қажет болса, жаңа пойыз бұл қашықтықты 7,5 сағатта еңсереді. Сағатына 250 шақырым жылдамдықпен жүретін заманауи құрам 389 жолаушыға арналған және туристік бағыт ретінде де жоғары сұранысқа ие.
Пойыздың іске қосылуы өңіраралық байланысты күшейтіп, Самарқанд, Бұхара және Үргеніш сияқты қалалар арқылы жаңа туристік ағым қалыптастыруға мүмкіндік береді. 2027 жылдан бастап бұл бағытты Нөкіс қаласына дейін ұзарту жоспарланған.
Шыңжаңдағы Алтай-Қом тасжолы жазғы қатынас режиміне көшті — Халық газеті
Мамыр айына қарай Шыңжаңның Алтай таулары жасыл желек жамылды. Қарлы тау мен жайқалған жайлау аясындағы таңғажайып табиғаты бар Қом-Қанасқа апаратын Алтай-Қом тасжолы жазғы қатынас режимін ресми түрде бастады, деп хабарлайды Халық газеті басылымы.
Белгілі болғандай, жазғы қатынас режимінде көлік түрлері мен уақыт кезеңдері бойынша нақты басқару жүзеге асырылады. Жеті орынды және одан кем жолаушылар көліктеріне күн сайын таңғы 9:30–дан 15:00–ге дейін жүруіне рұқсат етіледі.
Алтай-Қом тасжолының жалпы ұзындығы 209,45 шақырым. Бұл жол Алтай қаласынан басталып, Қанас туристік аймағындағы Қом ауылында аяқталады. Шыңжаңның солтүстігіндегі «Мың шақырымдық галереяның» маңызды бөлігі бола отырып, тас жолы — бойында орман, шатқал, жайлау, саздық сияқты әртүрлі табиғат көріністерін бір бойына жиған танымал туристік бағыт.
Айта кетейік, Қанас туристік аймағы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы ең көрікті табиғи мекендердің бірі саналады. Ол Алтай таулары қойнауында орналасқан.
Аймақтың басты нысаны — Қанас көлі. Жасыл-көгілдір түсті көл Қытайдағы ең терең тау көлдерінің бірі болып есептеледі және табиғи сұлулығымен танымал.
Қанас туристік аймағы Қытайдың 5A дәрежелі туристік аймағы мәртебесіне ие. Мұнда жыл сайын миллиондаған турист келіп, орман, альпілік шалғындар мен тау көріністерін тамашалайды.
Сонымен қатар Қазақстандағы Марқакөл қорығы мен Қанас арасында трансшекаралық туристік бағыттарды дамыту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ осы аптада Халық газетінде «Қашқарда Қытай мен Орталық Азияның құрылыс материалдары саласындағы ынтымақтастық конференциясы өтті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Қытайдың Қашқар қаласында Шыңжаң мен Орталық Азия елдерінің үй жиһаздары және құрылыс материалдары өнеркәсібі бойынша ынтымақтастық конференциясы өтті. Іс-шараға 400-ден астам қонақ, соның ішінде салалық ұйымдар, мемлекеттік органдар және жетекші кәсіпорын өкілдері қатысты.
Конференцияда Қашқардың географиялық артықшылықтары мен транзиттік әлеуеті атап өтілді. Аймақ «сегіз елді байланыстыратын бес порт және Еуропа мен Азияны жалғайтын бағыт» ретінде Қытай мен Орталық Азия арасындағы өнеркәсіптік байланыстарды дамытуда маңызды алаң екені айтылды.
Жиында шекарааралық ынтымақтастықты кеңейту, құрылыс материалдары мен жиһаз өндірісі саласындағы әріптестікті күшейту және аймақтық өнеркәсіптік интеграцияны ілгерілету мәселелері талқыланды.
Зейіннің шаршауы: Психологиялық тұрғыдан қалай тынығуға болады? — TRT
Қазіргі заманда көп адам физикалық тұрғыдан демалып жүрсе де, өзін психологиялық тұрғыдан қажығандай сезінеді. Мамандар мұны ақпараттың шамадан тыс көптігі мен үздіксіз шешім қабылдаудан туындайтын интеллектуалдық шаршаумен байланыстырады, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
«TRT»-ның дерегінше, клиникалық психолог, жазушы Рабия Явузтің айтуынша, зейіннің шаршауы — мидың назар аудару, ақпарат өңдеу және шешім қабылдау жүйелерінің шамадан тыс жүктелуінен пайда болатын уақытша күй. Оның негізгі белгілеріне зейіннің шашырауы, ұмытшақтық және шешім қабылдаудың қиындауы жатады.
Маман қазіргі адамның күнделікті өмірі үздіксіз ақпарат ағынымен тығыз байланысты екенін айтады. Әлеуметтік желілер, электронды хаттар мен тұрақты хабарламалар миды үнемі белсенді күйде ұстап, зейіннің толық тынығуына мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан адам тыныштықта да мазасыздық сезінуі мүмкін.
Рабия Явуздың пікірінше, психологиялық тұрғыдан тынығу тек физикалық демалыспен шектелмейді. Ол үшін адам ақпарат ағынын азайтып, цифрлық құрылғылардан уақытша алыстауы қажет. Табиғат аясында серуендеу, тыныс алу жаттығулары, жоспарсыз уақыт өткізу және дәл қазіргі сәтке назар аудару зейінді қалпына келтіруге көмектеседі.
Сондай-ақ маман тым жоспарланған демалыстың да зейінді шаршатуы мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, интеллектуалдық тынығу шешім қабылдау санын азайтып, мидың «бос кеңістікке» ие болуына мүмкіндік беру арқылы жүзеге асады.
Психолог интеллектуалдық денсаулықты ұзақ уақыт елемеу күйзеліс синдромына, жадының әлсіреуіне және шешім қабылдау қабілетінің төмендеуіне алып келуі мүмкін екенін ескертті. Осыған байланысты ол күнделікті өмірде экран уақытын қысқартуға, табиғатпен көбірек байланыс орнатуға және саналы түрде тынығуға көңіл бөлуге кеңес береді.
Сонымен қатар осы аптада TRT басылымында «Жаттығу ағзаның барлық жүйесіне пайдалы» деген мазмұндағы шағын мақала жарық көрді.
Ғылыми зерттеулер бұлшықеттердің тек қозғалысқа жауап беретін тін емес, бүкіл ағзаға әсер ететін эндокриндік орган екенін көрсетеді. Мамандардың айтуынша, жаттығу кезінде бөлінетін миокиндер ми, иммундық жүйе, бауыр және сүйектермен байланыс орнатып, ағзаның ішкі тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі.
Зерттеулерге сәйкес, интерлейкин-6 (IL-6), иризин және BDNF секілді молекулалар қабынуды азайтып, май мен қант алмасуын реттейді, сондай-ақ есте сақтау қабілеті мен когнитивті функцияларды жақсартады. Сонымен бірге дене белсенділігі иммундық жүйені күшейтіп, 2-типті диабет пен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға ықпал етеді.
Мамандар тұрақты қозғалыстың сүйек тығыздығын арттырып, эмоционалдық саулыққа оң әсер ететінін айтады. Кейбір ғылыми зерттеулер жаттығу кезінде бөлінетін миокиндердің қатерлі ісік жасушаларының таралуын тежеуге көмектесуі мүмкін екенін көрсеткен.