Құрбан айт мейрамы Нью-Иоркте ресми мәртебеге ие болады
АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Әлемдегі салтанаты асқан санаулы мегаполистердің бірі Нью-Йорк қаласының мэрі болуға талап қылып, Демократиялық партия атынан додаға түскен үміткер Билл де Блазио Құрбан айт мерекесін де демалыс жариялайтынын жеткізді. Христиандардың Пасхасы және иудейлердің Жаңа жылы мен Пасхасы кезінде оқушылардың демалатынын алға тартқан ол мэр бола қалған жағдайда, мұсылмандардың да мерейін үстем қылатынын жеткізді.
Ол өз сөзінде әр адамның діни сенімі мен құқығына құрметпен қарауды тілге тиек етіп, осы жолды мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыруды қолға алатынын мәлімдеді. Осындай бағдарламалар ұсынған ол сайлаудың алғашқы сатысынан сүрінбей өткен болатын.
Бір қызығы, сайлау нәтижесінде республикалық партия өкілі жеңіске жететін болса да, Құрбан айт мейрамы ресми мереке болып жарияланбақ. Аталмыш партия өкілі Джо Лото да Құрбан айт мейрамына құрметпен қарауды ұсынып отыр. «Бұл қалада мұсылмандардың қатары артып келеді», - дейді ол. Нью-Йорк мегаполисіндегі оқушылардың 13 пайызы ислам дінін ұстанады. Бұл туралы muslim.kz хабарлады.