Құрбан айтта мешіттерде түрлі қайырымдылық және мәдени-спорт шаралар ұйымдастырылады - Ақмола облысы
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Құрбан айтта мешіттер тарапынан түрлі қайырымдылық және мәдени-спорт шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкілі, Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин мәлім етті.
Облыстық ішкі саясат басқармасының жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметінің мәжіліс залында өткен кездесуде облыстың бас имамы алдағы келе жатқан қасиетті мереке - Құрбан айт мейрамының тағылымы жайлы әңгіме қозғады.
Биылғы бір ерекшелік, Көкшетау қаласында құрбан шалатындар үшін Астанаға баратын жолдың бойында орналасқан «Бижан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсетпек. Құрбанға шалынатын малды осы жерден сатып алуға да болады. Құрбан айттың алғашқы күні, атап айтсақ, 12 қыркүйек күні таңғы сағат 06.30-дан 07.25-ке дейін Науан хазірет мешітінде арнайы уағыз айтылады. Айт намазы алдында облыс басшыларының халықты құттықтауы да күтілуде. Одан әрі сағат 07.30-да Айт намазы оқылады.
Мұсылмандар үшін ұлық мереке саналатын Құрбан айты тек құрбан шалумен ғана шектелмей, мешіттер тарапынан түрлі қайырымдылық және мәдени-спорт шаралары да ұйымдастырылмақ.
Атап айтқанда, Степногорск қаласының жанындағы Бестөбе кентінде мереке шеңберінде ат спорты ойындары өткізілмекші. Осындай шара Қорғалжын ауданында да өтеді деп жоспарланған. Құрбан айтының алғашқы күні Науан хазірет мешітінде мүгедек балалар мен әйелдерге арналып арнайы дастархан жайылмақ. Екінші күні қаладағы жоғары және арнайы орта оқу орындарында оқитын студент жастарға дастархан жайылу жоспарланған. Онан әрі жастар арасында түрлі ойындардан сайыстар өткізілмек.
Кездесу соңында ҚМДБ-ының Ақмола облысындағы өкілі, Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин журналистер тарапынан қойылған әртүрлі сауалдарға жауап берді.