Құрбан шалудың талаптары қандай

- «Бұл күні Меккеге барған қажылар Мина алқабында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да талап-шарттарын атқарса, қажылық жасауға шамасы келмеген мұсылмандар мешіттерде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі – құрбандық шалады», - делінген басқарманың сайтында жарияланған ақпаратта.
Құрбандық шалатын адамға қойылатын талаптар:
- - ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған мұсылман болуы;
- - тұрғылықты мекенде болғаны, яғни, сапарда болмағаны абзал;
- - нисап мөлшерінда артық дәулеті бар адам болуы.
«Бірақ, бұл жағдайы төмен адам құрбан шалмасын деген сөз емес. Ондай құрбандық нәпіл құрбан үкіміне жатады», - делінген басқарманың мәліметінде.
Құрбанға қандай мал шалынуы тиіс?
- - бес жасар түйені 7 адам бірігіп немесе бір адам шала алады.
- - екі жасар сиыр малын 7 адам бірігіп немесе 1 адам шалуына болады.
- - бір жасар қойды 1 адам шалады.
«Құрбан малын ниетті адамның өзі шалса, сауабы әлдеқайда көп деп саналады. Алайда, басқа адамға өкілдік беруге де болады. Ол үшін телефон арқылы немесе хат-хабар арқылы шараны біреуге нақты уақытын айтып тапсыру қажет. Өкілдікті қабылдаған адам құрбандық шартын ниетті адамның айтуы бойынша атқарады», - дейді дін өкілдері.
Құрбан шалу тәртібі қандай?
- - пышақ малдың көзінің алдында қайралмауы керек;
- - малды сол жамбасына жығып, кеудесімен құбылаға қарату қажет;
- - құрбан шалуға ниет ету (өз атынан немесе өзгенің атынан);
- - бауыздар алдында «Бисмиллә, Аллаһу әкбар!» деп айту;
- - малдың өңешін, кеңірдекті және мойынның екі жағындағы тамырды бір мезетте кесу;
- - малдың қаны толық ағып, жаны шыққанша күту қажет.
Құрбандыққа қандай мал шалынбайды?
- - малдың бір немесе екі көзі бірдей соқыр болса;
- - құрбан шалу орнына өз бетімен жете алмайтындай ақсақ болса;
- - тістерінің көбі жоқ болса;
- - мүйіздері сынған немесе бір сыңары түбіне дейін жоқ болса;
- - бір немесе екі мүйізі түбіне дейін кесілген болса;
- - құйрығының жартысы немесе одан көп бөлігі жоқ болса;
- - мал тым әлсіреген күйде болса;
- - туғаннан құлағы немесе құйырығы болмаса;
- - лас қалдықпен тамақтанып жүрген мал жарамсыз.
Қандай кемшілігі бар мал құрбандыққа жарамды?
- - көруі нашар;
- - бір аяғы ақсақ болса да, жүре алатын болса;
- - мүйізінің бөлшегі сынық болса немесе туғаннан тоқал болса;
- - санаулы тісі жоқ болса;
- - құйрығының немесе құлағының кішкене бөлігі жоқ болса;
- - құлағы тесілген болса;
- - қышыма;
- - пішілген болса құрбандыққа шалуға болады.
Құрбанға шалынған малдың етін қалай үлестіру қажет?
- - еттің 3/1 бөлігін өзінің отбасына, бала-шағасына;
- - 3/1 бөлігі туған-туыстары мен көршілеріне;
- - 3/1 бөлігін кедей және мұқтаж жандарға үлестіру абзал.
Дін мамандары құрбанға шалынған малдың терісі қасапшыға қызмет ақысы ретінде берілмейтінін ескертеді. Оны сатып, ақшасын садақа ету қажет.
Құрбан шалудың тыйымдары қандай?
- - шалынған малдың терісі мен қалған еті, басы мен басқа да бөлшектері сатылмауы тиіс;
- - малдың көзінше пышақ қайрауға болмайды;
- - соятын малға қатыгездік танытуға болмайды;
- - өтпейтін пышақпен бауыздауға тыйым салынады.
Еске салайық, биыл Құрбан айт мерекесі 11 тамыз – жексенбі күні басталады.
Бұған дейін елорда әкімдігі құрбандық шалуға болатын орындарды белгілегенін жазған болатынбыз.