Курчатов қаласында отқа оранған үйден екі адам құтқарылды
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласында отқа оранған үйден екі адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Курчатов қаласындағы жеке тұрғын үйде өрт шыққан. Тілсіз жаудың жалпы ауданы 60 шаршы метрге жетті. Пәтер иесі бірден өрт сөндірушілерді шақырған.
«Оқиға орнына шұғыл келіп жеткен ТЖД қызметкерлері бөлмеде қалған 1940 және 1976 жылғы екі әйелді құтқарды. Олар дәлізді тұмшалаған көк түтіннің салдарынан үйден шыға алмаған. Көп ұзамай қызыл жалын толықтай ауыздықталды», - делінген ақпаратта.
Өртті сөндіруге №15 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан 8 адам және 2 автоцистерна жұмылдырылды.
Оттың шығу себебі - электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан болуы мүмкін.