Курчатов полигонынан металл ұрлағандар ұсталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Курчатовтағы полигон аумағынан металл ұрламақшы болған топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Курчатов полигонынан металл ұрлағандар ұсталды

Курчатов қаласының №3514 әскери бөлімінің автопатрулі полигон аумағынан металл дайындап жатқан бес адамның үстінен түскен. ҚР Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3514 әскери  бөлімінің баспасөз қызметі осындай ақпарат  таратты. Кезекті патрульдеу кезінде жасақ бейтаныс көліктің ізіне түседі. Кейін оның радиациясы жоғары аумақтан металл бөлшектерін алып шықпақ болғаны анықталды.

 «Кезінде 600-ден астам ядролық сынақ жүргізілген полигонның 20 мың шаршы шақырым аумағы 2010 жылдан бері арнайы әскери комендатураның күзетіне алынған. Әскери қарауыл аумаққа бөгде адамдардың кірмеуін және қандай да бір затты алып шықпауын қадағалайды. Өйткені полигон аумағындағы кез келген зат денсаулыққа зиянды болуы мүмкін. Тіпті сала мамандары да бұл аумаққа Ұлттық ядролдық орталықтың  арнайы рұқсатымен жіберіледі, - дейді 3514 әскери бөлімінің штаб басшысы Медет Оралов.

null 

Ұсталған азаматтарға қатысты хаттама толтырылған. Олардың ісін енді құқық қорғау органдары тексеретін болады