Курчатовқа ғылым қаласы мәртебесі берілмек
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Курчатов қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында көтерілген мәселенің бірі – шаһарға ғылым қаласы мәртебесінің берілуі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңір әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қала халқы тарапынан көтерілген мәселелер негізінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен абаттандыруға қатысты болды.
Абай және Олимпийская көшелерінің тұрғындары жылумен дұрыс қамтылмай отырғандықтарын алға тартты.
Сондай-ақ тұрғындар үйлерді терможаңғырту бағдарламасы және бақылау-өлшеу аспаптарымен жабдықтау бағдарламасы бойынша қайта жаңғырту қажеттігін атап өтті.

Кездесу барысында жол жайы да айтылды.
«Жол мәселесін шешеміз. Ол үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттама жасау қажет», - деді аймақ басшысы.
Оның айтуынша, Курчатовты ғылым қаласына айналдыру көзделіп отыр.
«Курчатов өте әдемі, ықшам шаһар. Оны ғылым қаласына айналдыру жоспарлануда. Соның нәтижесінде, қала одан әрі дамиды деп сенеміз», - деді Нұрлан Ұранхаев.

Содан соң Нұрлан Ұранхаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қала тұрғындары арасынан қоғамдық көлікке қатысты сауал қойғандар болды. Облыс әкімі көтерілген мәселелерді назарға алып, тиісті тапсырмалар берді.

