Курчатовта коммуналдық кәсіпорын 44 кәсіпкердің құқығын таптап, 92,9 млн теңге ақысын төлемей келген
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында прокуратура кәсіпкерлер алдындағы 43 млн теңгеден астам берешектің өтелуіне ықпал етті. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті.

— Курчатов қаласының прокуратурасы 2024 жылдың басынан бастап коммуналдық кәсіпорындардың бірі 44 кәсіпкердің құқықтарын бұзып, жеткізілген тауарлар үшін 92,9 млн теңге төлемегенін анықтады, — деп жазды прокуратура.
Мәселен, «Курчатов водоканал» КМК 2024 жылы су тазартуға арналған реагенттерді жеткізген кәсіпкерге 1,7 млн теңге төлемеген.
— Прокуратураның қадағалау актісі негізінде 8 бизнес субъектісіне 43 млн теңге көлеміндегі берешек толық өтелді. Қалған сома кәсіпорынның қаражат тапшылығына байланысты кезең-кезеңімен өтелетін болады. КМК-ның кәсіпкерлер алдындағы міндеттемелерін орындауы Курчатов қаласы прокуратурасының бақылауына алынды. КМК-ның кінәлі тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Курчатов Водоканал» тазартылмаған кәріз суын Ертіске жүйелі түрде ағызып келгенін жазған едік.