Курчатовтағы өрт: бір адам қаза тапты
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Курчатов қаласында түнгі сағат 3-те 5 қабатты тұрғын үйдің соңғы қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Өрт салдарынан балконның есігі, жиһаздар мен төсек-орын жабдықтары жанып кеткен. Қайғылы оқиға туралы қарама-қарсы беттегі көрші үйдің тұрғындары мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ТЖД мәліметінше, өрт сөндірушілер тыныс алу құралдарының көмегімен жанып жатқан пәтерге кірген. Олар жатын бөлмеден ес-түссіз жатқан 1959 жылғы ер адамды тапқан.
Өрт сөндірушілер ер адамды өртке оранған пәтерден алып шығып, алғашқы көмек көрсеткен. Кейін оны жедел жәрдем алып кеткен.
Өрт сөндіру барысында олар тағы бір адамды тапқан. Өкінішке қарай, оны құтқару мүмкін болмады. Пәтерден 1976 жылғы әйелдің жанып кеткен денесі табылған.
Сонымен қатар, тұрғын үйден қауіпсіздік мақсатында 12 адам, соның ішінде 3 бала эвакуацияланды. Өрт бір сағаттан кейін толықтай сөндірілді. 2 техника мен 8 адам жұмылдырылды. Өрт темекі шегу кезінде отты абайсыз қолдану салдарынан шығуы мүмкін.
ТЖД-да атап өткендей, адамдардың көбі осы себептен зардап шегіп, қаза тауып жатыр. Қазіргі таңда 500 өрт оқиғасы тіркелген.